Бүгін докторантураға түсу емтихандары басталды

Бүгін Қазақстанда докторантураға түсуге емтихан тапсыру басталды. Бұл туралы ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады.

Министрліктің мәліметінше, емтиханды тапсыруға өтініш қабылдау 25 қазан – 10 қараша аралығында ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайтында жүргізіледі.

Докторантураға түсу емтихандарына 1 060 адам қатысады. Сынақтар бүгін басталып, 2 желтоқсанға дейін жалғасады.

Түсу емтиханына эссе жазу, докторантураға дайындық тесті және білім беру бағдарламасы тобының бейіні бойынша емтихан кіреді. Жалпы, түсу емтиханының ең жоғары көрсеткіші 100 балл, оның ішінде әңгімелесу – 20 балл, эссе – 10 балл, докторантурада оқуға дайындығын анықтауға арналған тест – 30 балл, бейіні бойынша емтихан сұрақтары – 40 балл болады. Ал мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша конкурсқа қатысу үшін және ақылы негізде докторантураға түсу үшін шекті балл 75 болады, – деді ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.