Басты бетЖаңалықтарҚазақстан Қытайға...

Қазақстан Қытайға мал шаруашылығы өнімдерін экспорттауды қайта бастайды

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Қытай Халық Республикасы бас кеден басқармасының төрағасы Юй Цзяньхуамен кездесті. 

Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады. 

Кездесуде Қазақстан мен Қытай арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің тауар айналымын арттыру мәселелері талқыланды. 

Айдарбек Сапаровтың айтуынша, екі мемлекет сауда ынтымақтастығын дамытудың, әсіресе ауыл шаруашылығы саудасының зор әлеуетіне ие.

Сонымен қатар министр мұздатылған ет, құс шаруашылығы өнімдері мен малға, майлы және дәнді дақылдарға қосымша Қытайға салқындатылған сиыр еті мен шошқа етін жеткізуде республиканың мүмкіндігі мол екенін атап өтті. 

Бұл екі ел арасындағы тауар айналымы көлемінің едәуір ұлғаюына ықпал етеді. Бұл үшін ауыл шаруашылығы министрлігі жануарлар мен құстардың аса қауіпті ауруларын болдырмау мақсатындағы жұмыстарды ел аумағында белсенді түрде жалғастырып жатыр. Сондықтан қытайлық тарапқа қолайлы аймақтардан ет экспортын бастау ұсынылды, — делінген хабарламада. 

Юй Цзяньхуа Айдарбек Сапаровқа тәуекелдерді бағалаудың және қазақстандық сиыр етін, шошқа еті мен құс етін жеткізуді қайта бастау үшін шектеулерді алып тастаудың соңғы кезеңі жөнінде айтты. ҚХР бас кеден басқармасы мамандарының Қазақстанға сапары биылғы желтоқсан айына жоспарланған.

Қазақстанның ветеринарлық қызметті бағалау қорытындысы бойынша қытай тарапы қолданыстағы шектеулерді алып тастау мүмкіндігін қарастырып, Қытайға мал шаруашылығы өнімдерін экспорттауды қайта бастауға дайын. Бұдан бөлек, ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін Юй Цзяньхуа Айдарбек Сапаровты Қытайға шақырды.