Айыппұлдарды өндіру туралы сот актілерін орындау тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді. Дөңгелек үстелге Бәйдібек аудандық сотының төрағасы М.Сәрсенов, судья Ж.Қосалбаев, сот әкімшісінің басшысы Г.Мұратқызы, сот мамандары және жеке сот орындаушылар Е.Байсариев, Г.Сембеков, Б.Кадирсизов қатысты.
Дөңгелек үстелде сотпен айыппұл түрінде салған жазаларды орындауға қатысты мәселелер талқыланды. Төраға М.Сәрсенов сот актілерін орындау сот жұмысының басым бағыттарының бірі болып табылатынын, сондай-ақ, сот мемлекет кірісіне айыппұл жазасы түрінде жаза қолданылған тұлғаларға қатысты бірқатар үкім шығарғанын, алайда бүгінгі күні сот орындаушылармен орындалмай тұрғанын сот актілері бар екенін атап өтті.
Өз кезегінде жеке сот орындаушы Е.Байсариев кейбір сот актілерін орындау бойынша қиындықтар туындайтынын түсіндірді. Өйткені борышкерлер сот орындаушылардан жасырынып жүреді. Осыған орай, төраға сот орындаушылары қолданыстағы заңнама аясында өз өкілеттіктерін толық пайдалануы және сот актілерін орындаудан жалтарған борышкерді іздеуге жариялау, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 669-бабы және Қылмыстық Кодекстің 430-баптарымен жауаптылыққа тарту сияқты шараларды қабылдауы тиіс екенін түсіндірді.
Сот актілерін орындау кезінде туындайтын мәселелерді талқылай отырып, судья Ж.Қосалбаев сот орындаушыларының санкция беру туралы қаулыларды ресімдеу кезіндегі жекелеген кемшіліктерді, атқарушылық іс жүргізу шеңберінде борышкерлерге хабарлау, сондай-ақ атқарушылық іс жүргізу материалдарына дәлелдемелерді қосу кезінде туындайтын және сот орындаушыларының борышкерлерді күштеп әкелу мен олардың республика аумағынан шығуын уақытша шектеу туралы қаулыларына санкция беру мәселелері талқыланды.
Дөңгелек үстел соңында жеке сот орындаушыларға орындалмаған сот актілері бойынша тізім ұсынды. Сот актілерін орындау бойынша тұрақты негізде бірлескен бақылау жүргізу, ай сайын сот актілерін орындау бойынша салыстыру актісін жүргізу қажет деген ортақ пікірге келді.
