Қазақстанда бес елден келген 325 босқын тұрады

Қазақстанда бес елден келген 325 босқын тұрады. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады. 

Республика аумағын паналаған барлық шетелдіктер мемлекет тарапынан қорғаумен және қолдаумен қамтамасыз етілген. 1998 жылғы 15 желтоқсанда Қазақстан БҰҰ-ның 1951 жылғы «Босқындар мәртебесі туралы» конвенциясына ресми түрде қосылып, өзіне белгілі бір міндеттемелер алған болатын. Қазіргі уақытта республикада Ауғанстан, Украина, Өзбекстан, Сирия және ҚХР-дан келген 325 босқын тұрады. Олар елден шығарылмайды және қорғалған, — делінген хабарламада.

Босқындармен еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанындағы жұмыс тобы жұмыс істейді. Жұмыс тобы босқындарға Қазақстан аумағында тұрақты тұратын шетелдіктермен тең дәрежеде медициналық көмекке, білім алуға және әлеуметтік көмекке қолжетімділік беру жөнінде ұсыныстар әзірледі. Бұл ұсыныстар қазіргі мүдделі мемлекеттік органдардың қарауында.