Мұхтар Әблязовтың сыбайластары айыптарын мойындады

Әблязовтың сыбайластары — БТА банктің бұрынғы топ-менеджерлері: Жақсылық Жарымбетов, Қайрат Садықов және Сәдуақас Мәмеш.  Олар өздеріне тағылған айыптарды ішінара мойындайды.

Тергеу материалдарына сай, ақша ұрлауға Әблязовтың күйеу баласы да бір кісідей атсалысқан екен. Яғни қылмыстық жолмен келген қаржы Ілияс Храпуновтың атына тіркелген жалған компаниялар арқылы заңдастырылған. Осылайша Әблязов ұрлықпен келген активтерін жасырыпты.

Тимур Шамаи, мемлекеттік айыптаушы:

-Мұхтар Әблязовтың бұл іске Ілияс Храпуновты тартуы бекер емес. Өйткені БТА банкі оның үстінен ешқандай шағым түсірген жоқ. Сондықтан қылмыстық қуғындаулар да болған емес. Бірақ кіші Храпунов ол ақшаларды тек Әблязовтың нұсқауымен жаратып отырған.

Бұған дейін тергеушілер Мұхтар Әблязовтың банк салымшыларының ғана емес, халықтың зейнетақы қорына жинаған ақшасынан да ұрлағанын айтқан болатын. Жалпы, қылмыстық іс 2224 томнан тұрады. Бұдан бөлек судья 200-ден астам куәгерден жауап алмақшы. Сондықтан, процесс ұзаққа созылайын деп тұр. Ал Әблязовтың кінәсі дәлелденсе, оған сырттай үкім оқылады. Өйткені шетелде қашып жүрген Қазақстан азаматтарын сырттай соттау тәжірибесі біздің елде бұрыннан бар.

ДереккөзKtk.kz