Елімізде 22 мыңға жуық адам үй алу кезегінен шығарылды

Қазақстанда үй алуға кезекте тұрған 21 607 адам тізімнен шығарылды. Бұл туралы өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев мәлімдеді.

Бүгінде алдын ала мәліметтер бойынша 646 мың адам кезекте тұр. Олардың ішінде 232 мыңы талапқа сай емес. Сол себепті баспана кезегінен шығарылады. Талалапқа сай келмейтіндер:

  • 96,1 мыңының кейінгі бес жылда тұрғын үйі болған;
  • 533 адамның Қазақстан азаматтығы жоқ;
  • 91,4 мың азаматтың тіркеу орны (тіркелу) кезекте тұрған өңірімен сәйкес келмейді;
  • 29 мың адамның тіркелу орны жоқ;
  • 15,6 мыңы–қайтыс болғандар.

Министрдің айтуынша, бұрын жергілікті атқарушы органдар осы жұмысты тиімсіз жүргізген.

Бүгінгі күні әкімдіктер бізбен бірге осы бағыттағы жұмыстарды бастап кетті. Биыл 1 тамыздан осы күнге дейін кезекте тұрған 21 607 адам тізімнен шығарылды, — деді Қанат Шарлапаев мәжілістің жалпы отырысында.

Министр кейінгі бес жылда үйі болған 96 мың адам баспана кезегінен толығымен шығарылатынын атап өтті. Қалғаны отбасы банкіне беріледі. Сосын әрбір адамның мәселесі жеке-жеке қаралады.