Басты бетЖаңалықтарАлдағы жылдары...

Алдағы жылдары 1 300 шақырымнан астам теміржол салынады

Премьер-министр Әлихан Смайылов «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының қызметі және еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін одан әрі дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді.

Бұл туралы үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Көлік министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, биылғы 10 айда жүк тасымалдау көлемі 246 миллион тонна болды, бұл – былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 3,3%-ке артық. Жыл соңына дейін 300 миллион тоннаға жеткізу жоспарланып отыр.

Алдағы жылдары еліміздің транзиттік әлеуетін едәуір арттыратын, 1 300 шақырымнан астам теміржол салу жоспарланған. Атап айтқанда, бұл – Достық–Мойынты, Бақты–Аягөз, Дарбаза–Мақтаарал желілері және Алматы маңы айналма жолы.

Сонымен қатар қолданыстағы теміржолдарды жөндеу, жаңа локомотивтер мен вагондар сатып алу, станциялар мен вокзал кешендерін жаңғырту жұмыстары жүргізіледі.

Премьер-министр «ҚТЖ» ҰК» АҚ отандық тауар өндірушілер тарапынан келіп түскен барлық шағымдарды жедел талдап, көлік министрлігімен бірлесе отырып, жүк тасымалы кезіндегі кедергілерді жою жөніндегі пәрменді шараларды әзірлеу қажет екенін айтты.