Жыл сайын 20 мыңнан астам нәресте шала туады

Қазақстанда жыл сайын 20 мыңнан астам нәресте 36 аптада немесе салмағы 2 500 грамға жетпей шала туады. 

Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Әлемде жыл сайын 15 миллион бала шала туады. Соның 20 мыңнан астамы – қазақстандық нәрестелер.

2008 жылдан бастап еліміз 500 грамнан төмен салмақпен жаңа туған нәрестелерге күтім жасай бастады. Барлық нәрестенің 0,4%-і 500-999 грамм болып туады. Ал 0,6%-нің салмағы 1 000-1 500 грамм шамасында болады, — делінген хабарламада. 

Мұндай нәрестелерге күтім жасау процесі күрделі. Мерзімінен бұрын босанудың себептері әр түрлі – анасының жас ерекшелігі, экстрагениталдық патология және инфекциялар, аборттар, стресс факторлары және экстремалдық мінез-құлық, генетикалық факторлар, дұрыс тамақтанбау, жаман әдеттер.

Биыл алғаш рет әрбір жаңа туған нәрестенің өмірін сақтауға бағытталған неонаталдық көмек беруді ұйымдастыру стандарты бекітілді.

Бағдарламалардың арқасында кейінгі 10 жылда сәби өлімінің көрсеткіші 63%-ке 13,6-дан 7,68-ге дейін, неонаталдық өлім 50%-ке, яғни 1 000 тірі туғанға шаққанда 9,0-ден 4,5-ке дейін төмендеді. Бұл Орталық Азия елдерінің арасында ең төмен болып саналады, — делінген хабарламада.

Қазіргі күні дене салмағы өте төмен балалардың өмір сүру деңгейі 12%-ке өсіп, шала туған нәрестелердің өлімі жалпы алғанда 2%-ке төмендеген.