Оқу жылы қысқартылмайды — Білім басқармасы

«Әлеуметтік желіде таралған ақпарат шындыққа жанаспайды: оқу жылы қысқартылмайды, Астана үшін де», — деп жазды хатшы Ботагөз Омар Фейсбуктегі парақшасында.

Сондай-ақ ол ҚР Білім және ғылым министрінің міндетін атқарушы Эльмира Суханбердиеваның бұйрығын дәлел ретінде келтірген. Аталған бұйрықта оқу жылының ұзақтығы мектепке дейінгі сыныптарда 32 оқу аптасы, 1-сыныптарда 33 оқу аптасы, 2-11 (12)-сыныптарда 34 оқу аптасы деп белгіленгені көрсетілген. Оқу жылы бойында бірнеше демалыс беріледі. Мәселен, 1-11 (12)-сыныптар күзде 7 күн (2016 жылдың 31 қазанынан 6 қарашаға дейін) қыста 10 күн (2016 жылдың 30 желтоқсанынан бастап 2017 жылдың 8 қаңтарына дейін), көктемде 13 күн (2017 жылдың 21 наурызынан бастап 2 сәуірге дейін) демалады. Мектепке дейінгі сыныптарға күзде 7 күн (2016 жылдың 31 қазанынан 6 қарашаға дейін) қыста 14 күн (2016 жылдың 26 желтоқсанынан бастап 2017 жылдың 8 қаңтарына дейін), көктемде 15 күн (2017 жылдың 21 наурызынан бастап 4 сәуірге дейін) демалыс беріледі. Мектепке дейінгі және 1-інші сынып оқушыларына қосымша 7 күндік (2017 жылдың  1-7 ақпаны аралығы) демалыс қарастырылған.

Айта кетейік, әлеуметтік желіде ҚР Білім және ғылым министрі міндетін атқарушының бұйрығымен оқу жылы 1 қыркүйектен бастап 15 мамырға дейін жалғасатындығы туралы ақпарат тараған болатын. Аталған хабарламада ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің өтетіндігіне байланысты елорда оқушылары 16 мамырдан бастап 14 қыркүйекке дейін демалатындығы айтылған.

ДереккөзInform.kz