Басқа мамандықты оқысаңыз да, басқа салада жұмыс істесеңіз де, ұшқыш болуға мүмкіндік бар. Бірақ ол үшін жасыңыз 17,5 мен 34 жас арасында болуы керек. Бұл — ұшқыштарды оқытатын Ab-initio бағдарламасы шарттарының бірі. Air Astana әуе компаниясы 2009 жылдан бері ұшқыш болғысы келетін азаматтарды Еуропаның үздік мектептерінде оқытып келеді. Әрине, бағдарламаға өту талаптары да жоғары. Ab-initio бағдарламасы туралы білу үшін бағдарлама түлектері Қымбат Артықбай мен Air Astana компаниясының ең жас ұшқышы Нұрдәулет Аманқоспен сұхбаттастық.
Қымбат Артықбай, Ab-initio бағдарламасының түлегі, Embraer ұшағының екінші ұшқышы:
«Испаниядағы мектепте оқыдым»
Азаматтық авиация академиясын бітіргенмін. Мамандығым — әуе диспетчері. Бірақ студент кезімнен ұшқыштарды оқытатын Ab-initio бағдарламасы туралы білетінмін. Әуе диспетчері болып екі жыл жұмыс істедім де, ұшқыш боламын деп шештім. Сөйтіп 2017 жылы бағдарламаға қатысуға өтінім бердім.
Жаңа нәрсені байқап көрсем дедім. Бірақ ұшқыш болам дегенім бір сәтте қабылданған шешім емес. Өзім де авиация саласында істегендіктен, бұл мамандыққа біртіндеп ауыстым.
Ab-initio бағдарламасы бойынша Испаниядағы Flight training Europe деген мектепте оқыдым. Шамамен, 15 ай оқыдық. Біздің мектебімізде алғашқы төрт айда тек теория оқимыз. Содан кейін екі ай ұшып үйренеміз. Қайтадан мектепке оралып, екі айдай теориялық білім аламыз да, сосын қайтадан ұшамыз.
Мектепте 14 пән оқыдық. Бәрінің емтиханын жақсы тапсыруымыз керек. Практиканың да емтиханы болады, одан да жақсы өтуге тиіспіз. Теория мен практиканың емтихандарын түгел сәтті өткенде ғана бізге «ұшқыш» деген лицензия берілді. Сондықтан оқысам, оқыдым, оқымасам, қойдым деген нәрсе жоқ.
Теорияны оқып жатқанда сонша көп ақпаратты өлшеніп берген уақытта сіңіріп алуға тырыстық. Ал практикада біресе мінсіз ұшып келеміз, біресе, бір-екі қате жіберетінбіз. Оқу күрделі, бірақ оқи алмайтындай қиын емес. Бір жағы оқудан рахат алсақ, бір жағы емтихан тапсыру үшін аянбай еңбектендік.
«Оқудың бар шығынын Air Astana компаниясы көтереді»
2017 жылғы желтоқсанда елге келіп, кеттім. Өйткені Рождество мерекесі келіп, мектеп бір апта демалды. Еуропалықтар бұл мерекені думандатып тойлайды. Барып-келу билетін Air Astana компаниясы төледі. Жалпы, оқудың бар шығынын компания көтерді. Мысалы, біздің мектебімізде үш мезгіл тамақ беретін. Ал басқа мектептерде тамақ берілмесе, оның шығынын Air Astana шәкіртақы ретінде береді.
Оқуда жүргенде практикада жолаушысы жоқ ұшақты басқарып үйрендік. Ол үшін әуеайлық аймағында белгілі бір биікке көтеріліп, ұшып, ұшақты қайтадан орнына қондыру керек. Бұл — ұшқыштың алғаш ұшқаны. Ұшақпен көкке көтерілгенде адреналин аласың. Бұл сәт эмоцияға толы.
2018 жылы бағдарламаны тәмамдап, сол уақыттан бері Air Astana-да жұмыс істеп келемін. Алғаш рет жолаушыларды Астанадан тасыдым. Қараша айы еді, күн бұлтты болды. Бірақ өзімді керемет сезіндім.
Ұшқыш болсаң, әр рейсің әртүрлі өтеді. Әр рейсті жаңа командирмен, жаңа бортсеріктермен атқарасың және ұшақ сыртындағы көрініс өзгеріп отырады.
Оқу бітіріп келген соң, қай бағытқа ұшып, қандай ұшаққа отыратынымызды компания шешеді. Бұл қай бағытқа көбірек ұшу керек екеніне және ұшақтың мүмкіндігіне байланысты. Менің ұшағым — Embraer үлкен емес: 108 жолаушыны тасымалдаймыз. Қашықтық бойынша да Boeing сияқты алысқа ұша алмаймыз. Қазақстан ішіне немесе шетелге орта қашықтыққа ұша береміз.
Ең қысқа рейс
Біздің әуе компаниямыздың ең қысқа рейсі қай жаққа екенін білесіз бе? Алматыдан Бішкекке. Шамамен, 30 минут қана ұшамыз. Алғаш ұшып жүргенімде осы рейс түсті. Ұшқыш тек штурвалды басқармайды. Түрлі құжат толтырамыз, жердегі диспетчерлермен байланысып отырамыз. Ұшқаннан кейін қонуға дайындалу керек.
Осындай функцияның бәрін қысқа рейсте орындап бітіру басында қиын болды. Көкке көтерілгенім сол еді, қонуға қатысты барлық деректі дайындауға тиіс болдым. Ал қазір әбден тәжірибе жинағандықтан, бұл уақыт ішінде бәріне үлегермін. Тіпті, кофе де ішіп алуым мүмкін.
Ұшқыш болам десеңіз…
Ab-initio бағдарламасына тапсырғысы келетіндер әуелі шынымен ұшқыш болғанды қалауы керек. Бұл мамандықтың болашағы керемет екенін неше мәрте естісеңіз де, өзіңіз шын қаламасаңыз, бәрі бекер.
Одан кейін қатысушыларды іріктейтін бағдарламаның әр кезеңіне жауапкершілікпен қарап, дайындалуы керек.
Нұрдәулет Аманқос, Boing-767 ұшағының екінші ұшқышы, Air Astana әуе компаниясының ең жас ұшқышы:
«Бәрі YouTube-тағы жарнамадан басталды»
Бәрі YouTube-тағы жарнамдан басталды. 11-класс оқитын кезім. Түнде YouTube-тан видео көріп отырғанмын. Ab-initio бағдарламасы туралы жарнама шықты. Өткізіп жіберуге асығып, бес секундтың тезірек біткенін күттім. Бірақ қалай екенін білмеймін, бір минуттық жарнаманы толық қарап шықтым. Соңында бағдарламаға қатысып, бағымды сынап көрсем дедім.
Оған дейін мектеп бітірген соң, шетелдегі бір оқу орнына түсем дейтінмін. Бірақ мына бағдарламаның іріктеу кезеңдеріне қатысу үшін Қазақстанда болуым керек болды. Сөйтіп Nazarbayev университетіне оқуға түстім. Экономист мамандығын оқып жүрдім.
Оқумен қатар Ab-initio бағдарламасының іріктеу кезеңдерінен өтіп жүрдім. Оған тоғыз ай уақыт кетті. 2021 жылғы қаңтарда тапсырып, сол жылғы қазанда шақыру келді. Сөйтіп университеттен шықтым да, 2022 жылғы қаңтарда Финляндияға оқуға кеттім. Тампере қаласында оқыдық, ал елдің астанасы Хельсинкиде турбореактивті ұшақтарда ұшып үйрендік.
Ұшқыштар мектебінде не үйретеді?
Бір жыл, алты ай оқыдық. Оқу күрделі болды, тіпті ұйқымыз қанып үлгермейтін. Басында екі ай теориялық білім алдық та, оқытушымен ұшып үйрене бастадық. Ол кезде базалық машықтарды үйрендік. Содан кейін жарты жыл тереңдетілген теория оқытылды. Өзіме сол уақыттар қиындау болды. Таңертең ұйқыдан тұра салып, ұйқыға жатқанша сабақ оқитынбыз.
Теориялық емтихан өте маңызды. ATPL (Көлік авиация ұшқышының лицензиясы) деп аталады. Ұшақтың ұшу заңдарынан бастап, ұшақтың құрылысы, метеорология, әлемнің әуе заңдары және тағы басқасын үйрендік. Оған қоса физиканы, химияны, геометрияны, алгебраны оқыдық.
Қазақстандағы жолаушы таситын ең үлкен ұшақтың ұшқышы
Қазір 20 жастамын. Оқудан келген соң, төрт ай қосымша жаттығудан өттім. Ал бір айдан бері ұшып жүрмін. Қазір Boing-767 ұшағының екінші ұшқышымын. Бұл — Қазақстандағы жолаушы таситын ең үлкен ұшақ. 230 адам сыяды. Мұндай ұшақ жолаушыларға өте жайлы және алыс бағыттарға ұшады. Басқа ұшақтардан көзге көрінетін айырмасы сол, жолаушылар салонында екі дәліз бар. Іші кең, көлемі үлкен.
Көбіне шетелге, ал ел ішінде Алматы және Астана бағыты бойынша ұшады. Ең ұзақ бағыт — Астана-Франкфурт рейсі, жеті сағат 45 минут ұшамыз.
Екінші ұшқыштың қызметі қандай?
Екінші ұшқыштың функциялары командирдікімен бірдей. Адамдар командир ұшақты басқарады, ал екінші ұшқыш оған көмектеседі деп ойлайды. Қазір авиация саласы өзгерді. Командир мен екінші ұшқыш жұмысты бөліп атқарады.
Мысалы, Алматыдан Астанаға командир ұшып барса, екінші ұшқыш оған көмектесіп отырады. Ал қайтар бағытта екінші ұшқыш ұшып, командир оған көмектеседі. Осылай, екеуі де тәжірибе жинайды. Өйткені екінші ұшқыш бірнеше жылдан соң командир болады.
«Адамдар ұшқыш үшін екі жылдық оқу аз деп ойлайды»
Ұшқыштар академиясында ұшу мен жолаушылармен ұшқан мүлдем басқа. Кешігіп келетін жолаушылар бар, қиындық туғызатындары да табылады. Бірақ бортсеріктер мен инженерлер жұмысымызды едәуір жеңілдетеді. Академияда барлық жұмысты өзіміз атқаратынбыз. Ұшаққа жанармайды да өзіміз құятынбыз. Ал ұшқыш болсаң, ондай жұмыстарды жердегі қызметтің арнайы дайындалған жұмысшылары істейді. Сонда бізге қалғаны — ұшақты басқару.
Адамдар ұшқыштар үшін екі жылдық оқу аз деп ойлайды. Олай емес. Екі жылда төрт-бес жылдық оқу бағдарламасын оқимыз. Мысалы, университет студенті күніне төрт-бес сағат оқыса, біз 12-15 сағат оқыдық. Бүгін алған білімімізді ертең практикада қолданып жүрдік. Мұндай жылдамдықпен оқу мамандығымызды тезірек меңгеруге көмектеседі.
Оның үстіне компания ұшқыш болуды оқытуға кез келген адамды ала бермейді. Сондай оқуды оқи алатын, шыдамы жететін, білімді, қабілетті адамдарды таңдайды.
Ұшқыш қандай болуы керек?
Ұшқыш болатын адамның тәртібі болуы керек деп ойлаймын. Бар жұмысты уақтылы атқаруы керек. Өзіне сенімді, білімді болуға тиіс. Бастысы, шынайы болуы қажет. Біреу бақылап тұрса ғана тапсырманы дұрыс орындап, ешкім қадағаламаса, енжар тірлік қылса, онысы түбі білініп қалады.
Ab-initio бағдарламасы туралы Air Astana әуе компаниясының қызметкерлерді іріктеу бойынша супервайзері Ақбота Сеит айтып берді.
Ab-initio деген қандай бағдарлама?
Ab-initio — Air Astana әуе компаниясының ұшқыштар дайындайтын бағдарламасы. Бағдарлама бойынша, талапкер Еуропа мектептерінде мамандықты басынан бастап меңгереді.
Бағдарлама 2009 жылдан бері бар, алғашқы түлектері 2010 жылы оқуды аяқтап шықты. Содан бері 300-ден астам адам оқыды. Олардың көбі Air Astana әуе компаниясында екінші ұшқыш және командир болып мансабын жалғастырып жатыр.
Оқу Еуропаның үздік ұшу мектептерінде 16-24 айға созылады. Содан кейін түлектер өзі басқаратын ұшақ түріне қарай білім алады. Әуе компаниясы оқуды 100% алдын ала төлейді.
Бағдарламаға қашан, қалай өтінім беруге болады?
Ab-initio бағдарламасы тұрақты жүретіндіктен, өтінім беретін белгіленген уақыты жоқ. Демек, бағдарламаға кез келген уақытта өтінім жіберуге мүмкіндік бар.
Талапкерлерді жыл бойы қабылдаймыз және жылына кемі төрт рет іріктейміз. Биыл байқау бес рет өтті. Қазір іріктеу санын одан да арттыруды жоспарлап отырмыз.
Бағдарламаға мына сілтемені басып, өтінім беруге болады.
Талаптары қандай?
- Қазақстан Республикасының 18 жастан 34 жасқа дейінгі азаматы болуы керек. *мектеп оқушылары (11-12-кластар)/колледждің соңғы курс студенттері бағдарламаға 18 жасқа толуына алты ай қалғанда өтінім бере алады, бiрақ үміткер ұшу мектебіне түсу кезінде кәмелет жасында болуы шарт.
- аяқталған орта немесе арнайы орта білім;
- ағылшын тілін жақсы білу, орта деңгейден төмен емес. Соңғы кезеңде IELTS (Academic) 6.0/TOEFL (IBT) 79 сертификаты болуы;
- математика және физика негіздерін білу;
- денсаулығы медициналық комиссияның (ДҰСК) талаптарына сай келуі;
- сотталмағаны және оның белгілерінің болмауы;
- төлқұжатының болуы және Шенген визасын алу талаптарына сай келуі.
Іріктеу кезеңдері қандай?
I кезең: Ағылшын тілінен тест (Intermediate) немесе жарамды IELTS (Academic) 6.0 немесе TOEFL IBT 79 сертификатының болуы (бар болса, өтінім беру кезеңінде сертификат қосу керек).
II кезең: SHL тесті – кандидаттың белгілі бір ақпарат түрімен жұмыс істеудегі қабілетін өлшейтін психометриялық тестілер.
ІІІ кезең:
- COMPASS тесті – компьютерлендірілген ұшқышқа арналған тестілер, вербалдық ойлау, математика және физика саласындағы психомоторлық және психотехникалық сынақтар жиынтығы.
- CPP тесті – авиация саласындағы қызметкерлерге қажет бірқатар жеке қасиет пен құзыретті анықтауға арналған психологиялық тест.
IV кезең: Медициналық сертификатты (МҰСК 1-класс сертификаты) және IELTS (Academic) 6.0 немесе TOEFL (IBT) 79 сертификатын дайындау.
V кезең: Қорытынды кезең: тренажер, топтық тапсырма және жеке сұхбат.
Бір адам іріктеу кезеңінен қанша уақыт бойы өтеді?
Бұл әр адамның дайындалу уақытына байланысты. Кейбір қатысушы іріктеуді бір-екі ай ішінде өтеді. Ал ағылшын тілі тестіне немесе SHL тестіне дайындалуға қосымша уақыт қажет болса, іріктеуден өту мерзімі үш-алты айға созылуы мүмкін.
Болашақ ұшқыштар қай елдің мектептерінде оқиды?
- AFTA (Atlantic Flight Training Academy), Корк, Ирландия;
- FTE (Flight Training Europe), Херес, Испания;
- PATRIA (Patria Pilot Training) Тампере, Финляндия.
Шетелде оқу бітіріп келген соң, ұшқышты компаниядағы ұшақтардың түрін үйренуге оқытамыз. Компанияда ұшақтың үш түрі бар: Airbus, Embraer және Boeing. Түлектің қай ұшақ түріне оқитыны компанияның өндірістік қажеттігіне қарай белгілі болады. Қазір көбіне Airbus-ды басқаруды үйретіп жатырмыз, ұшқыш Францияның Тулуза қаласына барады. Бас-аяғы екі айдай оқиды.
Air Astana компаниясы қандай шығынды өтейді?
- Шенген визасы;
- барып-келу билеттері;
- оқу ақысы;
- студенттің жеке шығыны;
- тамақ;
- көлік және тағы басқа.
Бағдарламаға неше рет қатысуға болады?
1. Әр үміткердің екі мүмкіндігі бар:
- SHL тестін сәтсіз тапсырса, алты айдан кейін екінші рет қайта тапсыруға болады.
- Компас тестін сәтсіз тапсырса, үш айдан кейін екінші рет қайта тапсыруға болады.
- Соңғы кезеңді сәтсіз тапсырса, үміткер бір жылдан кейін қайта қатысуға өтініш бере алады. Алайда комиссия бұрынғы нәтижелер негізінде үміткерге екінші мүмкіндік бермеуге құқылы.
2. Медициналық комиссия өтінім берушінің денсаулығына қарай жарамсыз екенін анықтаса, қатысушы Медициналық ұшу-сараптама комиссиясының оң қорытындысын алғаннан кейін ғана қайта тапсыра алады.
Оқу бітірген соң, ұшқыш қай қалада жұмыс істейді?
Компанияның өндірістік қажеттігіне қарай, қай қалаға ұшқыш керек болса, сол қалаға жұмыс істеуге жібереміз. Air Astana-ның бес қалада базасы бар: Алматы, Астана, Атырау, Ақтау және Шымкент.
Оқу бітіріп келген соң ұшқыш шығынды қалай өтейді?
Ұшқышпен 15 жылға келісімшарт жасалады. Осы мерзім ішінде ұшқыш өзінің оқуы мен дайындығына кеткен шығынның 25%-ін компанияда жұмыс істеу арқылы, ал 75%-ін ақша төлеу арқылы өтейді.
Компания ұшқыштың оқу ақысын еуро валютасымен төлегенімен, ұшқыш шығынды өтейтін кезде оны теңгемен қайтарады. Ұшқыш шығынның өтемін әр айдағы жалақысынан аударып отыра алады немесе 15 жылдан соң бірден төлей алады.
Ал ұшқыш жұмыстан келісімшарт уақытынан бұрын шығам десе, ақшаны компанияда жұмыс істеген мерзіміне сай қайтаруы керек.
15 жыл ішінде ұшқыш мансабын жасай алады: екінші ұшқыш болып бастап, жердегі нұсқаушы, командир дәрежесіне көтеріледі немесе емтихан нұсқаушысы бола алады және менеджмент саласында дамуына мүмкіндік бар.