Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев орман өрттерінің жиілеу себебін айтты.
Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, арнайы комиссия 2023 жылғы маусым айының басында Абай облысында 14 адамның өмірін жалмаған орман өртінің себебін анықтады.
Абай облысындағы орман өрті бойынша мүдделі мемлекеттік органдар өкілдерінен құрылған арнайы комиссияның қорытындысы бар, онда өрттің себебі құрғақ найзағай разряды екені анық көрсетілген. Оған дәлел — жеке тұрған ағаш, өрт содан тараған. Бұл ресми нұсқа және біз соны қолдаймыз, — деді министр орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифиңде.
Бұл ретте министр әр жылдары Қазақстанда орманды әдейі өртеген деректер болғанын айтты. Бірақ Абай облысындағы орман өртіне табиғи құбылыстар себеп болуы мүмкін.
Орман өрттері негізінен өрт қоюдан туындайды деу қате болар еді. Статистика бойынша, еліміздегі орман өртінің 70%-і далалық аумақта ауылшаруашылық өрттерінің салдарынан болады. Екіншіден, өрттің құрғақ найзағай разрядтарынан шығуы Ертіс өңіріне, таспа шоққарағайына тән, — деді Ерлан Нысанбаев.
Еске салайық, 2023 жылғы 8 маусымда Абай облысында ірі өрт болды. «Семей орманы» шаруашылығы аумағында 60 мың гектар орман өртенді. Өрт салдарынан 14 адам қаза болды.