Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің базасында Сеултех жасанды интеллект және информатика жоғары мектебі ашылды. Бұл туралы ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жоғары мектеп жасанды интеллект, киберқауіпсіздік және информатика саласының кадрларын даярлайды. Студенттер Сеултехпен бірлескен бағдарламалар бойынша білім алады, сөйтіп бұл әлемдік IT-технологияларға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Жоба аясында оқу орны Оңтүстік Кореяның заманауи зертханалық құрылғыларымен жабдықталады, ал студенттер бірнеше тілді меңгеріп, орыс және қазақ тілдерінен бөлек, ағылшын, корей тілдерінде білім алады.
Жиында ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жобаның маңызына тоқталды.
Жасанды интеллект технологияларын қолданысқа енгізу ерекше назар аударуды қажет етеді. Сондықтан ғылым және жоғары білім министрлігі осы бағыт бойынша білім беру бағдарламаларын іске асыруға жылдам кірісті. Қорқыт ата университетінде Сеултехтің жоғары жасанды интеллект мектебінің ашылуы IT-технологиялар саласында адами капиталды қалыптастыруға, ғылыми зерттеу нәтижелері және өзара тәжірибе алмасуға, сондай-ақ Корея мен Қазақстан арасындағы жоғары білім беру саласындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі ілгерілетуге серпін береді. Алдағы уақытта шетел университетінің филиалын және қос дипломды бағдарлама ашу жоспарланып отыр. Соның нәтижесінде түлектер Сеултехтің және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің дипломын ала алады, — деді министр.
Министр Қазақстанда кейінгі екі жылда М.Қозыбаев атындағы СҚУ базасында Аризона университеті, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті базасында Хериот-Уотт университеті (Шотландия), Есенов университетінің базасында Неміс жоғары оқу орындарының консорциумы және басқа да жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының сегіз филиалы ашылғанын айтты.
Министрдің айтуынша, шетел университеттерінің филиалһын ашу Қазақстанда білім беру саласын дамытуға және халықаралық аренада жоғары білім саласы бойынша көшбасшы атану үшін маңызды қадам болмақ.
LUPIC жобасының Қазақстандағы орталығының директоры, Сеул ұлттық ғылым және технологиялар университетінің (СеулТех) кванттық жасанды интеллект қауіпсіздігі жаһандық орталығының директоры Джесу Ким жоба аясында Жоғары мектеп ашу ғана емес, Қорқыт ата университетінің базасында бизнес-инкубатор құру көзделіп отырғанын айтты.
Бизнес-инкубатор аясында қазақстандық студенттер өз талантын шыңдап, стартаптар әзірлеп, алған білімдерін бүкіл әлем бойынша жасанды интеллектіні дамыту үшін қолданатынына сенімдімін, — деді Джесу Ким.
Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың үш ЖОО базасында жасанды интеллект саласындағы кадрлар даярлау және осы салада зерттеу жүргізетін орталықтар ашу жөніндегі тапсырмасы шеңберінде іске асырылған.
Айта кету керек, 2023 жылғы қыркүйектен бастап Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде IT-мамандыққа түскен және Сеултехтің бағдарламасы бойынша оқуға іріктелген 1-курс студенттері үшін тілдік даярлау жұмыстары басталды. Қазір олар жалпы білім беретін пәндерді оқып, жеделдетілген тілдік курстардан өтіп жатыр.
Болашақта студенттер мен профессор-оқытушылар құрамы академиялық ұтқырлық және бірлескен білім беру бағдарламалары бойынша Сеулде оқуға және ғылыми тағылымдамадан өтуге бара алады. Ал Сеулден келген оқытушылар өз тәжірибесін бөлісу үшін Қызылордаға шақырылады.
Сеул ұлттық ғылым және технологиялар университеті – Оңтүстік Кореяда 1910 жылы негізі қаланған ұлттық университет. Оқу орнында 23 факультет, 15 мыңға жуық студент бар. СеулТех Жоғары мектебінің ашылуына Қызылордада өмір сүрген Кореяның ұлттық батыры, генерал Хон Бом Доның сүйегінің тарихи отанына қайтарылуы ықпал етті. Қайта жерлеу рәсіміне Хон Бом Доны еске алу қоғамы белсенді қатысты.