Алматыда мектеп асханаларына бейнекамера орнатылды

Алматыда оқушылардың тамақтану сапасын бақылау үшін 206 мектептің асханасына бейнекамера орнатылды. Бұл туралы қала әкімдігі хабарлады. 

Ведомствоаралық сараптама тобы қала мектептерінде тамақтанудың сапасы мен тиімді ұйымдастырылуына мониториң жүргізеді.

206 мемлекеттік мектептің асханасына камера орнатылған, қалада барлығы 215 мемлекеттік мектеп бар. Бұл комиссияға кез келген уақытта балаларға арналған тағамның қалай дайындалатынын көруге мүмкіндік береді, — деді білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева.

Оның айтуынша, қазір орта білім беру ұйымдарында тамақты 85 жалға алушы қамтамасыз етеді. Сонымен қатар кейінгі уақытта жергілікті бюджеттен мектеп асханасының материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін қаражат бөлініп отыр.

Қала әкімінің бастамасымен 2022-2023 оқу жылының 1 қыркүйегінен бастап мемлекеттік мектептердің 1-4 класс оқушылары тегін тамақтанады.

Биыл жергілікті бюджет есебінен жалпы бюджет 20,4 миллиард теңге болды. Халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы балаларды қосқанда, бүгінде 134 мыңнан астам оқушы тегін тамақпен қамтылып отыр.