Екібастұз тұрғынының көлігінен 271 келі мөңке балығы тәркіленді

Екібастұз тұрғынының көлігінен 271 келі мөңке балығы тәркіленді. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.

Рейдтік іс-шараларды өткізу кезінде Май ауданы Қарасора көлінің жағасында полицейлер Екібастұздың 40 жастағы тұрғынының ВАЗ-2109 автокөлігін тоқтатты. Автокөліктің салонынан жалпы салмағы 271 келі болатын мөңке балығының 10 қапшығы табылып, тәркіленді. Бұл факті бойынша тексеру жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар 30 қазанда Май ауданы ауылының шетінде 27 жастағы ауыл тұрғыны аң ұстауға аң аулау ілмектерін орнатқан. Бұл ретте оның рұқсат беру құжаттары болмаған. Жануарлар әлемін пайдалану талаптары мен аң аулау ережелерін бұзғаны үшін құқық бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 382-бабы 1-бөлігі (Жануарлар дүниесiн пайдалану талаптарын және аң аулау қағидаларын бұзу) бойынша әкімшілік материал толтырылды, – дейді Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Еске салайық, табиғат қорғау заңнамасын бұзушылықтарды, объектілер мен биологиялық ресурстар өнімдерінің заңсыз айналымын анықтау және жолын кесу, экологиялық қылмыстарды ашу мақсатында 20 қазан мен 19 қараша аралығында облыс аумағында “Браконьер” жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр.

Тәртіп сақшылары бекітілген аңшылық алқаптарында ғана аң аулауға болатындығын еске салады. Аңшының өзімен бірге: тиісті жылға мемлекеттік баж төленгені туралы белгісі бар аңшы куәлігі, аң аулауға рұқсаты, аңшылық шаруашылығы субъектісінің бағыты, аңшылық атыс қаруын алып жүру құқығына рұқсаты болуға тиіс.