Alga App — жаяу жүріп, адым санына қарай виртуал валюта жинап, оған сыйлық сатып алуға болатын мобайл қолданба. Стартапты маркетолог Әлім Раздықов жасаған. Ол Baribar.kz тілшісіне жоба туралы айтып берді.
Alga App — адамдарды спортпен шұғылдануға ынталандыратын мобайл қолданба. Қолданушылар жаяу жүріп, адым санына қарай TER, яғни ұпай жинайды. Жинаған ұпайына мобайл қолданбада көрсетілген сыйлықтарды сатып алады. Мобайл қолданбаны қазақ, орыс және ағылшын тілінде қолдануға болады.
Әлім Раздықовтың сөзіне қарағанда, қазір адамдар кеңседе жұмыс істеп көп қимылдамайды. Бұл адамның ағзасына, денсаулығына кері әсер етеді. Әлім Раздықов, Әнуар Қағаров, Тимур Виринский және Антон Хон адамдардың денсаулығын жақсарту үшін осындай жоба жасауды ұйғарған.
Мобайл қолданбаны жасау идеясы 2023 жылдың басында ойға келді. Alga app-ты әзірлеу процесі маусымда басталып, мобайл қолданбаны тамызда іске қостық. Алғашында техникалық проблема көп болды, бірақ оның бәрін бірден түзеуге тырыстық. Қазір командада 14 адам жұмыс істейді, — дейді Әлім Раздықов.
Оның айтуынша, Alga App қолданушының адымының саны туралы ақпаратты iOS жүйесіндегі «Денсаулық» (Health) қолданбасынан алады. Жуырда мобайл қолданба Android жүйесіне қосылады, онда адамнын саны Google Fit арқылы саналады.
Ол 1000 адым жасаған қолданушы бір TER жинайтынын айтты. Бірақ бір күндік қадамдар саны шектелген, яғни қолданушының бір күнде жүрген 5000 қадамы есептеледі. Одан көп жаяу жүрсе де, мобайл қолданба оны есептемейді.
Онлайн валютаны тек жаяу жүріп жинап қоймай, жарнама видео көріп немесе достарға шақырту жіберіп, олар шақырған қолданушы арқылы Alga App-қа тіркелгені үшін TER жинауға болады. Бірақ оларда да шектеу бар. Видео көріп, максимум 10 TER, ал дос шақырған үшін 5 TER алуға болады, — дейді ол.
Жоба авторының сөзіне қарағанда, басты беттегі «Әмиян теңгерімінде» TER-дің қайдан түскені — не жаяу жүргеннен, не видео көрегеннен, не дос шақыртудан түскені жазылып тұрады. Бұған қоса жинаған ұпайдың жылдық, жарты жылдық, айлық, апталық статистикасын көруге болады. Мобайл қолданбада достарыңыздың қанша TER жинағанын көріп, онымен хат алмасуға мүмкіндік бар.
Қазір Alga App-ты 180 мыңнан астам адам қолданып жүр. Мобайл қолданбаға күніне 40 мың адам кіріп, белсенді қолданады, — дейді жобаның авторы.
Әлім Раздықов сыйлық ретінде түрлі техника, кинотеатрға билеттер кіретінін айтты. Мысалы, құлаққап, PlayStation, «Яндекс.Станция» «ақылды» колонкасы, электр тіс щеткасы, ауа ылғалдағыш, power bank, электр-ұстара, телефон қойғыш. Сонымен қатар қолданушылар түрлі дүкеннен жеңілдік ала алады.
Alga App іске қосылған сәттен бері 1200 қолданушы сыйлық алды. Қолданушылар ұнаған тауарға лүпіл баса алады. Құлаққап пен PlayStation — көп лүпіл жинаған тауарлардың бірі. Бұған қоса дүкенімізге тауарын ұсынатын серіктестер көбейіп жатыр. Жақында қолданушыларымызды жаңа сыйлықтармен қуантамыз, — дейді ол.
Бірақ кей қолданушы «мен ештеңе сатып ала алмадым, тауар қалмады» деп наразылық білдіріп отыр. Жоба авторы көп қолданушы құлаққап, техника сатып алғысы келеді дейді. Алайда олардың саны шектеулі болғандықтан, тез бітіп қалады.
Қымбат сыйлықтарды дүкенге бір айда бір рет қана саламыз. Дүкенде бар тауардың ғана құны көрініп тұрады. Себебі олардың құны сұранысқа, жинаған лүпілге, тауарды ала алатын қолданушылар санына және алдағы уақытта қосылатын жаңа тауарға байланысты өзгеріп тұрады. Белгілі бір тауарға сұраныс жоғары болса, оның құны жоғары болады, — дейді ол.
Мобайл қолданбада кейінгі рет PlayStation 1000 TER, құлаққап 750 TER, ал «Яндекс. Станция» колонкасы 650 TER тұрған.
Жоба авторы қолданушының көбі мобайл қолданбаны қолдап, жобаның идеясын ұнатып жатыр дейді. Сыйлық алған қолданушылар жаяу жүруге итермелегені үшін жоба авторларына ризашылығын білдіріп жүр.
Ол қазір мобайл қолданбаның жаңа бағдарлама нұсқасы әзірленіп жатқанын айтты. Жаңа нұсқаның дизайны мүлдем басқа болады. Мобайл қолданбаны әзірлегендер жобаны кейін Орталық Азия, Шығыс Азия нарығына шығаруды жоспарлап отыр.
***
Тағы оқыңыз: