Жайық бойын әнге бөлеген концерт

Оралдағы «Атамекен» өнер ордасында бірнеше күнге созылған «Туған жерім — тұғырым» атты облыстық халық шығармашылығы фестивалі Орал қаласы көркемөнерпаздарының концертімен түйінделді.

Фойеде қолөнер шеберлері мен қаламыздағы белгілі суретшілердің туындылары қойылды. «Ақжайығым — ән Жайығым» деп аталған кеш «Салтанат» би ансамблінің «Бабалар рухы» хореографиялық композициясымен ашылды.

Шығармашылық кеште туған өлкеміздің батырлары мен жыршы-жыраулары, әнші-күйшілері мен ақындарына арналған театрландырылған көрініс көрермен көңілінен шықты. Концертте түрлі ұжымдар өнер көрсетіп, қалың көрерменнің ыстық ықыласына ие болды. Кеш «Туған қалам — Орал» әнімен түйінделді.

Кеш соңында Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов жерлестерге ризашылығын білдірді.

концерт
Фото: БҚО әкімдігі

Халық шығармашылығы — халық жанының айнасы. Ал қоғамның рухани мұрасы — мәдениет пен өнер. Осы егіз ұғымдар арқылы еліміз қаншама биік белестерді бағындырды, бүкіл әлемге өз руханияты мен мәдениетін паш ете білді. Қазіргі таңда қаламызда бірнеше өнер ұжымдары еңбек етеді. Олардағы басты мақсат — өнердің негізін жоймай, халық шығармашылығын ұрпақтан-ұрпаққа насихаттау. Халық өнері — ол әр халықтың жанымен бірге. Осы кешке келіп, өнерпаздарымызды қолдаған барша жерлестерге алғыс білдіремін, — деді шаһар басшысы.

Концерт соңында өнерпаздарға Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевтің атынан ықылас гүлі тарту етілді.