Президент: Апаттан зардап шеккендердің отбасына материалдық көмек береміз

Қасым-Жомарт Тоқаев апаттан зардап шеккендердің отбасына материалдық көмек берілетінін айтты. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Мен мемлекет басшысы ретінде баршаңызға көңіл айтамын. Бұл – қасірет. Бәрін түсінемін. Апат болды. Апаттың кесірінен көптеген адам қаза тапты. Сондықтан бұл жерге арнайы келдім. Тиісті шаралар қабылдаймыз, соның ішінде зардап шеккендердің отбасыларына көмек көрсетеміз. Қаза болғандар мен зардап шеккендердің отбасылары ешқандай мұқтаждық көрмеуі үшін үкімет, әкімдік және қайырымдылық ұйымдарының алдында жан-жақты көмек көрсету міндеті тұр, – деді мемлекет басшысы.

Президент
Фото: Аkorda.kz
Президент бүкіл еліміз бойынша 29 қазан Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланатынын және «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына қатысты тиісті шара қабылданатынын жеткізді.   

Ертең бүкіл еліміз бойынша Жалпыұлттық аза тұту күні жарияланады. Мен «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату жөнінде тапсырма бердім. Бұл мекеме үкіметпен және кәсіпорынмен ынтымақтастық тұрғысынан біздің тарихымыздағы ең нашар компания болды. Енді кәсіпорынның өзіне қатысты шаралар қабылдау туралы ойлануымыз керек. Басин Вадим Борисович деген азамат бар. Сіздер оны білесіздер. Ол бір кездері «АрселорМитталда» жұмыс істеген. Облыс әкімінің орынбасары болды. Мен оған қайтып келіп, кәсіпорынды басқаруды тапсырамын. Кәсіпорынның қазіргі басшылығының қолынан ештеңе келмейді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент
Фото: Аkorda.kz

Мемлекет басшысының айтуынша, жер астында қалған кеншілерді құтқару, зардап шеккен және қаза болған азаматтардың отбасыларына жан-жақты көмек көрсету – кезек күттірмейтін міндет.

Кеншілер
Фото: Аkorda.kz

Ең алдымен, құтқару жұмыстары жүргізіледі. Екіншіден, зардап шеккендер мен медициналық көмекке мұқтаж азаматтардың нақты санын анықтауымыз керек. Үшіншіден, осы апаттан зардап шеккендердің барлығының отбасына материалдық көмек көрсетеміз. Егер қажет болса, арнайы қор ашамыз. Мұнымен өзім айналысамын, – деді президент.

Еске салайық, 28 қазанда Астана уақытымен сағат 02.33-те Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада өрт болды.

Құтқарушылар 22 адамның мәйітін тапты, 24 кеншіні іздеу жалғасып жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев қаза болған кеншілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тіледі.

Үкіметке кеншілердің отбасыларына көмек беруді тапсырды. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін үкіметтік комиссия құрылды. Сонымен қатар «АрселорМитталТеміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату тапсырылды.

Шахтадағы өрт фактісі бойынша қылмыстық кодекстің 277-бабының 3-бөлігі «Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргiзу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Мемлекет басшысы ертең, яғни 29 қазанды елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялайтынын айтты.