Костенко атындағы шахтада қаза болған кеншілер саны 22-ге жетті

Қарағанды ​​облысында Костенко атындағы шахтада болған апаттан кейін құтқарушылар 22 кеншінің мәйітін тапты.

Бұл туралы облыстың төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.

Қарағанды облысы төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Мұрат Қатпановтың айтуынша, апат 28 қазанда Астана уақытымен сағат 02.33-те шамамен 700 метр тереңдікте болған.

Қазіргі уақытта 22 адамның мәйіті табылды, 24 кеншіні іздеу жалғасып жатыр, — деп жазылған хабарламада.

Костенко атындағы шахтадағы құтқару жұмыстары екі кен өндіру орнында жүргізіліп жатыр.

Құтқарушылардың айтуынша, көзге көрінетін өрт ошақтары жоқ. Газ жағдайы бақылауда, сынамалар алынып, мәйіттерді жер бетіне алып шығу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жекелеген орындарда көміртегі тотығының концентрациясы рұқсат етілген нормадан асып кеткен, — делінген хабарламада.

Еске салайық, 28 қазанда Астана уақытымен сағат 02.33-те Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада өрт болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев қаза болған кеншілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тіледі.

Үкіметке кеншілердің отбасыларына көмек беруді тапсырды. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін үкіметтік комиссия құрылды. Сонымен қатар «АрселорМитталТеміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату тапсырылды.

Шахтадағы өрт фактісі бойынша қылмыстық кодекстің 277-бабының 3-бөлігі «Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргiзу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Мемлекет басшысы ертең, яғни 29 қазанды елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялайтынын айтты.