Қазақстан Мемлекеттік қызметтерді жеткізу индексі бойынша 198 елдің ішінде 6-орында тұр. 2022 жылғы нәтиже Қазақстанның жетілу индексі (GTMI) бойынша айтарлықтай алға басқанын көрсетті. Сөйтіп еліміз В тобынан А тобына өтті, бұл елдегі GovTech дамуының көрсеткішінің жоғары екенін көрсетеді. Еліміздің кейінгі жылдары цифрлық даму саласындағы жетістіктерін шолып шығайық.

Мемлекеттік қызметтің 90%-і онлайн беріледі

Бұл туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтқан еді.

Министрдің айтуынша, онлайн алуға болатын жаңа қызметтер қатары артып жатыр және көп алынатын мемлекеттік қызметтер eGov мобайл қоланбасына қосылып жүр. Бұл мемлекеттік қызметтерді алу процесін жеңілдету, қажетсіз кедергілер мен қағазбастылықты жою үшін керек.

Бұл ретте мемлекеттік қызмет көрсету сапасы — маңызды басымдықтардың бірі. Қолданыстағы әдістеме бойынша, электрон мемлекеттік қызмет көрсету бойынша Орталық мемлекеттік басқаруды бағалау мемлекеттік қызметтерді электрон форматқа көшіру, мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру тиімділігін ескере отырып және ақпараттық жүйелердің жұмысына әсер еткен ақауларды ескере отырып іске асады.

Көбіне электрон қызмет көрсетудің нәтижесі мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесіне байланысты. Мысалы, 2020 жылы жалпы қызметтің 200 сағаттан астамы бос тұрған. Мұндайдың анти-көшбасылары — ішкі істер министрлігінің, ауыл шаруашылығы министрлігінің және денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелері, – дейді Бағдат Мусин.

Кейбір қызметті ХҚКО-ға бармай, видеоқоңырау арқылы алуға болады

2021 жылы Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жаңа форматы шықты. Енді халық кейбір қызметті ХҚКО-ға бармай-ақ, видеоқоңырау арқылы ала алады. Бұл алдағы уақытта Халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы кезекті жоюға көмектеседі.

Мысалы, енді көлік сатып алатын және оны сататын адам Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, кезек күтіп отырмайды. Азаматтар видеоқоңырау арқылы көлік құралын тіркей алады/қайта тіркей алады, онлайн өтініш бере алады. Бұл тәсіл жаһандық пандемия кезінде аса маңызды болды.

Автокөлікті банк қолданбалары арқылы қайта рәсімдеу қызметі дүниежүзінде ешбір елде жоқ. Әзірше тек Қазақстанда бар. Қазір автокөлікті сату және сатып алу келісімшарттарының 55%-і онлайн режимінде жүзеге асады. 

Техникалық байқау туарлы push-хабарлама

Ал 2023 жылғы 2 қазанда Қазақстан азаматтары көлігінің техникалық байқау құжатының мерзімі өткені туралы push-хабарлама ала бастады. Онда диагностикалық тексеру картасының жарамдық мерзімі бітуге жақын қалғаны 30 күн бұрын хабарланады. Бұл хабарлама eGov мобайл қолданбасының «Хабарламалар» бөлімінде тұрады.

ЕGov мобайл қолданбасы болмаса, оны жүктеу үшін 1414 нөмірін хабарласуға болады. Нөмірден қолданбаны жүктеуге арналған сілтеме келеді.

Қазір eGov mobile түрлі жағдайды ескертететін push-хабарландырудың 15 түрін ұсынады. Уақыт өте мұндай хабарландырудың саны артады.

Оған қоса мобайл қолданбада «Диагностикалық техникалық байқау картасы» пайда болды. Бұл құжатта көлік құралының иесі туралы ақпарат және техникалық байқаудың нәтижесі жазылып тұрады. Көліктің техникалық жай-күйі де көрсетіледі. Ал құжат мерзімі өтсе, цифрлық құжаттар тізімінде шықпайды.

Көлік иесі мұндай электрон құжаттарды қажет мекемеге қағаз құжатымен бірдей деңгейде ұсына алады. Цифрлық құжаттар eGov мобайл қолданбасының басты бетіндегі «Цифрлық құжаттар» бөлімінде тұрады. Оны алу үшін QR-код керек. QR-код құжатты көліктің шын иесі сұрап тұрғанын анықтау үшін қажет.

Цифрлық құжат — түпнұсқа құжаттың аналогы. Демек, екеуі бір-бірінің орнына қолданыла береді. Қазір eGov-та бұл сервисте 29 құжат тұр. Оның қатарында азаматтың жеке куәлігі, Қазақстан Республикасы азаматы екенін растайтын шетел төлқұжаты, оқу орнынан алған дипломы және тағы басқасы бар.

Egov электрон цифрлық қолтаңбасы арқылы қол қою

Қазақстанда Egov электрон цифрлық қолтаңбасы белсенді түрде дамып келе жатыр. Қазірдің өзінде өз бетінше жеке құралға айналды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәліметіне қарағанда, бүгінде азаматтар Egov мобайл қолданбасы арқылы құжаттарға 557 мың рет қол қойған.

Электрон цифрлық қолтаңбаны алу үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына барудың қажеті жоқ. Оны қашықтан да алуға болады. ЭЦҚ кілтін қашықтан қалай алуға болатынын еске түсірейік. Бұл үшін мына алгоритмді орындау керек:

  • әуелі Қазақстан Республикасының азамат екеніңізді растайтын қолданып жүрген жеке куәлік немесе Қазақстан Республикасы әділет министрлігінің мемлекеттік деректер қорындағы Қазақстан Республикасы азаматының төлқұжаты (паспорт) болуға тиіс;
  • хабарламалар келетін және оларды оқуға мүмкіндік болатын ұялы телефон болуы керек;
  • дербес компьютерде уеб-камера болуы қажет;
  • ЭЦҚ-ны компьютерге жүктеп, қолдану үшін NCALayer бағдарламалық жасақтамасын орнату қажет.

Шалғай ауылдарды интернетке қосу

Елімізде 250-ден аз тұрғыны бар жүздеген ауылды елдімекен бар. Олар шалғайда орналасқан, жету қиын әрі кең жолақты интернетке қосылмаған. Қазақстандағы «цифрлық теңсіздікті» жою үшін инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі цифрлық даму министрлігіне халқы аз, шалғайда жатқан ауылды елдімекендерге ғарыштық байланыс жүйесін қосу тапсырылған еді.

Биыл «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ «Kazopiclink» ЖШС байланыс операторымен бірлесе отырып, Wi-Fi HotSpot технологиясы арқылы Қазақстан бойынша 176 ауылды елдімекенді интернетке қосты.

Бұл қызмет 176 ауылдың тұрғындарына тегін көрсетіледі. Енді олар қажет мемлекеттік цифрлық қызметтерге, электрон банкиңге және бүгінгі күні сұраныстағы басқа да қызметтерге қол жеткізе алады, — дейді инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі цифрлық даму министрі Бағдат Мусин.

Инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі цифрлық даму министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2024 жылы заманауи спутниктік технологиялар арқылы интернетке қосылған ауылды елдімекендер көбейе береді. Келер жылы коммуникация қиын аудандарда орналасқан тағы 328 ауылды интернтеке қосу жоспарланып отыр.