Қазақстандықтар интернет-алаяқтарға 11,3 миллиард теңге берген

Биыл қазақстандықтар интернет-алаяқтарға 11,3 миллиард теңге берген. Бұл туралы ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха мәлімдеді. 

Оның айтуынша, бүгінде банк саласындағы интернет-алаяқтық бүкіл әлемде таралған. Кейінгі бес жылда Қазақстанда олардың саны бес есеге өскен.

Биыл 13 746 интернет-алаяқтық тіркелді. Салдарынан 13,5 мыңнан астам азамат зардап шекті. Оның 70%-і қала тұрғындары, қалған 30%-і ауылдық елдімекендерде тұрады. Жәбірленушілердің әлеуметтік мәртебесі әртүрлі. Арасында бюджет саласының қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер, зейнеткерлер, жеке кәсіпкерлер де бар. Азаматтарға келтірілген жалпы шығын 11 миллиард 355 миллион теңге болды, — деді Игорь Лепеха парламенттік тыңдауда.

Оның айтуынша, қабылданған шаралардың арқасында 2,5 мың интернет алаяқтыққа қатысы бар 521 адам қылмыстық жауапқа тартылған. Жәбірленушілерге 523 миллион теңге шығын өтелді.