Вице-министр: Әлеуметтік нан қымбаттамайды

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов әлеуметтік нанның қымбаттауына ешқандай алғышарт жоқ екенін мәлімдеді. 

Оның айтуынша, мемлекет әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын реттейді. Оған бірінші сұрыпты ұн және осы ұннан жасалатын әлеуметтік нан кіреді.

Әлеуметтік нанның бағасы тұрақты. Естеріңізде болса, былтыр бидай бағасы 85-90 мың теңге, оның алдыңғы жылы 180 мың теңгеге дейін жеткен болатын. Бірақ соған қарамастан әлеуметтік нанның бағасы тұрақты болды. Біз арнайы субсидиялау бағдарламасы бойынша әлеуметтік нанның бағасын реттейміз. Сол себепті ел халқына алаңдаудың қажеті жоқ. Жиналған астық ішкі нарықты қамтамасыз етуге жетеді, — деді Азат Сұлтанов Астанада ашылған халықаралық KazAgro/KazFarm-2023 ауыл шаруашылығы көрмесінің кулуарында.

Министрлік әлеуметтік нан өндірісіне қажет арзан ұнды өңірлерге жөнелтеді.

Демек әлеуметтік нанның бағасы тұрақты. Оның қымбаттауына алғышарт жоқ, — деді Азат Сұлтанов.

Ал премиальды нанның, мысалы тоқаш, круассан секілді өнімдердің бағасын нарық реттейді.

Оның бағасын мемлекет реттемейді. Өйткені ол әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке жатпайды. Бұл жерде оны нарық реттейді, — деді Азат Сұлтанов.