Қайрат Боранбаев Алматыдағы бірқатар нысанды мемлекетке қайтарды

Қаржылық мониторинг агенттігі Қайрат Боранбаевтың мүлкін мемлекет меншігіне қайтару шараларын жүргізіп жатыр.

Бұл туралы агенттіктің баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекет кірісіне жалпы құны 33,75 миллиард теңге болатын кеңсе, сауда және ойын-сауық кешені, сонымен қатар сауықтыру және фитнес желісі өтті.

Атап айтқанда, оңтүстік мегаполистің орталығында орналасқан «Алмалы» сауда орталығының ғимараты, сонымен қатар жалға беру және мүлікті басқарумен айналысатын «Unity Hall» ЖШС. «Алматы Тауэрс» бизнес орталығында орналасқан нысанның ауданы 11 мың шаршы метрден асады. Сонымен қатар Fitnation фитнес клубтар желісі мемлекет меншігіне өтті, — делінген хабарламада.

Аталған нысандар Астана, Алматы және Қостанай қалаларында орналасқан. Енді ол нысандар қолданыстағы заңнамаға сәйкес демалыс, сауықтыру және білім беру орталықтарын ұйымдастыра отырып, әлеуметтік мақсаттарға пайдаланылады.

Еске салайық, Қайрат Боранбаев табиғи газ импорты кезінде қаражатты жымқыру бойынша 14,5 миллиард теңге көлемінде материалдық шығынды өтеген еді. 2023 жылғы 16 қыркүйекте Қайрат Боранбаев алты жылға бас бостандығынан айырылды.