Kosmuse — әлеуметтік желіде ескі әндерге кавер видео түсіріп танылған әнші. Қазір оның жастар арасындағы танымалдығы күннен күнге артып келе жатыр. Әнші Baribar.kz тілшісіне шығармашылығы жайлы, бір кездері ән айтпай кеткенін және зал жинай алмаймын деп қорыққаны туралы айтып берді.

Kosmuse-дің шын есімі — Нұрдәулет. Өзі — Тараз қаласының тумасы, қазір Астанада тұрады. Танысқан соң, бірден өзін Kosmuse деп айтуымызды сұрап, мұның шығу тарихын түсіндіріп берді.

Kosmuse, Жапырағым, ескі әндер
Kosmuse. Фото жеке архивінен

Кішкентайымнан ата-анам, жақындарым «Кос», «Кось» деп еркелетеді. Музыка әлеміне, өнерге бірегей, есте қалатын лақап атпен кіріп келгім келді. Көп ойландым. Сосын осы «Кос» деген лақап атымды қолданғым келді. «Космос» деп ғарышпен байланыстырсам дедім. «Муз» дегенді қоссақ, музыкамен де әдемі байланысып кетеді екен. Сөйтіп жүргенде Kosmuse деген сахналық атым шықты, — дейді ол.

Kosmuse, Жапырағым, ескі әндер
Kosmuse. Фото жеке архивінен

Kosmuse 2017 жылдан бастап кавер түсіріп Instagram парақшасына сала бастаған. Бірақ әнге одан да ерте қызығыпты.

Музыкаға бала кезден қызығамын. Ата-анамның айтуынша, сөйлемей жатып, ән айта бастаған екенмін. Әйтеуір, ес білгелі отырыс болса, ән айтқыза беретіні есімде қалыпты. Үйде туған-туыс жиналса да, ортаға шығарып, ән салдыратын. Мектепте бір іс-шара өте қалса, микрофонымды алып, сахнаға шығатынмын, — дейді жас әнші.

Бірақ ол уақыт өте әннен мүлдем алыстап кеткен. Тіпті бірнеше жыл бұрын ән айтқанын ешкім білмесе екен деп ойлаған кездері болыпты.

8-9-класс оқып жүргенде ән айтуды кәдімгідей қоя бастадым. Біртүрлі, қызық емес болып қалды. Ал қазір сол кезде өтпелі жасым солай өткен шығар деп ойлап қоямын. Сөйтіп жүріп, Тараздағы Жамбыл инновация колледжінің ағылшын-қазақ тілі аудармасы факультетіне түсіп кеттім, — дейді Kosmuse.

Kosmuse, Жапырағым, ескі әндер
Kosmuse. Фото жеке архивінен

Колледжге түскен соң, әнге қайта қызыға бастаған. Әндері тыңдарманға ұнайтынын да осы колледж сахнасында жүріп түсініпті.

Колледжде оқып жүргенде анда-санда гитара тартып қоятынмын, ән айтпайтынмын. Сонда ішімнен «колледжден ешкім ән айтатынымды біліп қоймаса екен, мектептегі таныстарым, достарым айтып қоймаса екен» деп жүретінмін. Бірақ ара-тұра үйде отырып ән айтып алатынмын. Ол күндері қайталап айта беретінім де бір ән — Musicola тобының «Сен мұңыңды бер маған» деген шығармасы. Сол қатты ұнайтын.

Бір күні колледжде Студенттер күніне арналған концерт болатын болды. Сонда бір таныстарым концертті ұйымдастырып жатқандарға «осы бала ән айтады» деп айтып қалды. Сосын кураторым «айтшы, көрейік» деп қоймай қойды. Қолқалаған соң, айтып көрдім. Залда отырған студенттер өнерімді, әнді өте жақсы бағалағандай болды, оларға ұнаған сияқты көрінді. Ондай реакцияны көптен көрмеген соң, бірнеше күн мәз болып, бақыттан басым айналып  жүрді. Іштей өзімше “елге ән айтқаным ұнамайды” дегенге сеніп алғанмын ғой. Осылай, әнші болуға қайта кеп қалдым, — дейді ол.

Kosmuse, Жапырағым, ескі әндер
Kosmuse. Фото жеке архивінен

Kosmuse Студенттер күніне арналған концерттен соң көп кавер түсіре бастайды. Түсіргенінің көбі — қазақша ескі әндер.

Ескі дегенде, 2000-жылдардан бері қарай жазылған, қазір біз үшін ретро саналатын әндер. Оның ішінде Құрмаш Маханның «Кездесу мен қоштасуы», «АБК» тобының «Тамшылары», Сержанәлі Әлібектің «Сені ойлаумен өтеді уақыты», Мадина Сәдуақасованың «Сүйген жүрегі», «Каспий» тобының «Жарығым-ай» деген әні мен Әлішер Каримовтың «Келемін саған» деген және тағы басқа әндер бар. Бірақ шынымды айтсам, мұндай әндерді орындай бастағанда «ескі әндерді қайта жаңғыртқым келеді» деген үлкен мақсатым болған жоқ. Қазір қарап тұрсам, маған қарағанда, ол мақсатты орындауға халық, тыңдарман әлдеқайда ықыласты сияқты. Өзіме бұл әндерді орындаған ұнайды, халық та оны сүйіп тыңдайды, — дейді ол.

Халыққа Kosmuse-дің ескі әндерді орындау шеберлігі ұнайтынын байқадық. Бұған көрсеткіштер дәлел. Былтыр ескі әндер жинағы болып YouTube желісіне шыққан видеосы 700 мың реттен аса қаралған.

Kosmuse-дің тек кавер әндерін емес, жеке туындыларын да сүйіп тыңдайтындар бар. Ол әннің әуенін де, өлеңін де өзі жазады. Оның танымал тырнақалды туындыларының бірі — «Жапырағым» әні небәрі бір-екі сағатта жазылған екен.

Әлеуметтік желіде оқырмандарыммен сөйлесіп отырып, Stories-та «Ән жазсам, тақырыбын не деп қоюға болады?» деп сұрадым. Сосын Тоғжан деген қыз, аты әлі есімде, «Жапырағым» болсын» деп жазып жіберіпті. Ерекше, сиқырлы атау болып көрінді. Сосын осы бойынша өлең жазып, оны әнге түсіріп, жалпы туынды бір-екі сағат көлемінде дүниеге келді, — дейді ол.

Ол кейде әріптестеріне де ән жазып береді. Kosmuse-дің айтуынша, шабыт қашан келерін болжау мүмкін емес.

Әндердің жазылу тарихы қызық. Шабыттың қай кезде келе қалатынын да білмейсің. Сондықтан үнемі диктофоның қосылып тұруы керек. Басыма бірдеңе келе қалса, соны ыңылдап, диктофонға түсіріп аламын. Кейін оны ән қылып жазып, құрастырып, өңдеу үшін тағы шабыт керек. Көп ән сол екінші шабыт келмеген соң, диктофонда қалып қойып жатыр, — дейді әнші.

Қазір Kosmuse жеке шығармашылықпен қатар, ән әлеміне қадам басып келе жатқан қатарластарына көмектескісі келіп жүр. Ол үшін Instagram-ына хабарлама жариялапты.

Шағын студиямыз бар. Ән өңдейтін маман да бар. Өткенде Instagram-да бір адамға тегін ән жазып беретінімізді хабарладым. Мұндағы мақсатым — ән айта алатын, сахнаға шыққысы келетін, бірақ ән таба алмай жүрген, жаздыруға мүмкіндігі жоқ қатарластарымды қолдау. Себебі ән жазу да арзан жұмыс емес. Талап қарапайым. Үміткер маған ән айтқан видеосын жіберуі керек. Оның ән айтқаны ұнаса, әдемі бір әнді тегін жазып беруге дайынбыз. Бір жағынан өзім инди-рок жанрында айтамын. Әзірше тек осы бағытта дамығым келеді. Бірақ түрлі жанрда ән жазатындықтан, жақсы әнші болса, неге сыйға тартпасқа деп ойладым, — дейді әнші.

Қазір бұл хабарлама бойынша 50-ге жуық өтінім түскен. Бірақ олар әлі жеңімпазды таңдамапты. Бұл кішігірім жобадан бөлек, Kosmuse қарашада Астанада, Алматыда және Шымкентте жеке кешін өткізеді. Билеттердің бәрі сатылып кеткен. Тіпті қосымша сеанс қосуға тура келіпті.

Kosmuse-дің шығармашылық кештері аз адамға арналған кішігірім арт-кеңістіктерде «өзіміз болып отырайық» деген форматта өтеді. Ол мұның екі себебі бар дейді.

Kosmuse, Жапырағым, ескі әндер
Жеке кештен кейін тыңдармандарымен бірге. Фото жеке архивінен

Шынымды айтсам, аз адаммен жұмыс істеген көбірек ұнайды. Әрқайсымен сөйлесіп отырасың, сенімен бірге бәрі әндетіп отырады. Екіншіден, концертіме әлі үлкен зал жинала қоймайды деп ойлап, кіші залды тәуір көретінмін. Бірақ осы жолы адам көбейіп кетті. Қосымша сеанстар ұйымдастыруға тура келді, — дейді әнші.

Ол осыдан соң үлкен зал туралы ойланып қалған. Бірақ бұл ойдан дереу бас тартыпты.

Kosmuse, Жапырағым, ескі әндер
Жеке кеш. Фото жеке архивінен

Командамен «Бәрін қосып, бір залға жинаған дұрыс болар» деп те ойладық. Бірақ түбі бұл дұрыс емес деп шештік. Себебі тыңдарман да кешке сол бір «өзіміз болып» деген жайлылықты іздеп келетін сияқты. Қызығы, осыған дейін тыңдарман жиналмай қала ма деп қорықсам, қазір олардың саны біршама артқанына көзім жетіп, қатты қуанып қалдым. Бірақ бәрібір үлкен залға әзір көше қоймайтын шығармын. Себебі жаңағы айтқан сиқырлы күй өзіме де қатты ұнайды, — дейді ол.

Тыңдарманы көбейгеніне қуанғанымен, кейінгі күндері дәл осы жаңалық оны біраз уайымға да салған.

Бұрын тек бір кеш жасап, әнімді айтып, кете беретінмін. Биыл сұраныс үстіне сұраныс түсіп кетті. Тыңдарман сұрап тұрғанда «жоқ» деп те айта алмайсың. Қазір енді бір концертті жеті сеанспен беретін болып отырмыз. Қалай болар екен деп қатты уайымдап жүргенім рас, — дейді ол.

Kosmuse ерекше толқып дайындалып жатқан туры Алматыда 3, 5, 12, 24, 26 қараша күндері өтеді. Өзі айтқан «сиқырлы кеші» Шымкентте 10 қарашада, Астанада 18 қарашада өтеді.

***

Тағы оқыңыз:

Музыкатанушы: қазір қазақ әндері экспериментке толы