Риддер жылу электр орталығы коммуналдық меншікке беріледі

Премьер-министр Әлихан Смайылов экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссияның кезекті отырысын өткізді. Бұл туралы үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Отырыста Риддер қаласындағы ЖЭО мәселесі қаралды. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев былтыр қазан айынан бастап станцияда бірқатар апат орын алып, соның кесірінен қала тұрғындарын жылумен және электрмен жабдықтауда іркілістер болғанын еске салды.

ЖЭО-ның бұрынғы иелері оны жаңғырту және күрделі жөндеу жұмыстарына инвестиция салмағандықтан, станцияның техникалық жай-күйі әбден тозып бітуге айналған.

Биыл үкімет резервінен және облыс әкімдігінен бөлінген қаражат есебінен станцияның барлық алты қазандығына жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта үш қазандық бойынша іске қосу жұмыстары жүріп жатыр, тағы үш қазандықты жөндеу жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.

ЖЭО-ның жаңа меншік иесімен жүргізілген келіссөздер қорытындысы бойынша инвестор кәсіпорынның барлық қарызын өтеп, станцияны әкімдіктің коммуналдық меншігіне береді деген уағдаластыққа қол жеткізілді.

Премьер-министр ЖЭО-ны жергілікті атқарушы органдардың балансына қабылдау үшін барлық қажет ұйымдастару-құқықтық жұмыстарды жүргізуді тапсырды.

Сонымен қатар отырыста Ақмола облысы аудандарының бірінде электр желілеріне иелік ететін жекеменшік кәсіпорынның жұмысы қаралды. Компания 20 мыңнан астам адам тұратын 38 ауылдық елдімекенді электр энергиясымен қамтамасыз етуге тиіс. Сонымен қатар меншік иесі ұзақ жылдан бері электр желілерін жөндемеген, соның салдарынан үнемі апаттық жағдайлар туындап, тұтынушыларға іс жүзінде қызмет көрсетілмеген.