Алматыдан Дохаға әуе рейстері артады

Енді Qatar Airways әуе компаниясы Алматы – Доха бағыты бойынша күніне екі рет ұшады. Бұл туралы азаматтық авиация комитеті хабарлады.

Биыл жазда Қазақстан мен Катардың авиациялық билігі арасында өткен келіссөз барысында елдер арасындағы рұқсат етілген жиіліктер саны ұлғайтылды.

Осы келіссөздердің нәтижесі бойынша Qatar Airways «Алматы– Доха» бағыты бойынша тікелей тұрақты жолаушылар рейстерінің санын 2023-2024 жылғы күзгі-қысқы кезеңнен бастап аптасына жетіден 14 ретке дейін (күніне екі рейс) ұлғайтуды жоспарлап отыр, — делінген хабарламада.

Сонымен қатар Qatar Airways жақын арада екі елдің астаналары арасында әуе рейстерін ашу мәселесін де қарастырып жатыр.

Комитет екі ел арасындағы рейстер санының артуы туризм, инвестициялық, іскерлік және мәдени ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал ететінін айтып өтті.