Англиядағы жұмыс
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz
Әлеуметтік желіде «Англиядағы жұмыс», «Аптасына 300 мың теңге табыс тап» деген видеолар көп. Ол видеоларда Лондон маңындағы маусымдық қара жұмыс сөз болып отыр. Baribar.kz сәуірден бері Англияның егіс алқабында жұмыс істеп жүрген Нұржан Орақбаймен сөйлесіп, шетелдегі жұмыстың мән-жайын сұрады.

Англиядағы жұмыс

Нұржан 28 жаста. Шымкент қаласының тумасы. 2022 жылға дейін ол Шымкенттегі техника дүкендерінің бірінде сатушы-кеңесші болып жұмыс істеген. Қазір ол Лондонға жақын маңдағы егістік алқабында істейді.

Таңғы 5-те тұрып, таңғы асымызды ішеміз. 6-да егін алқабына барып, көк пияз тереміз. Арнайы формамызды, тізеқабымызды киіп, пиязды жерден жұлып жинаймыз. Бір жәшікке 80 бума саламыз, бұл — 15-20 келі. Сағатына екі жәшік жинауымыз керек, — дейді ол.

көк пияз, Англиядағы жұмыс
Фото жеке архивінен

Бұдан соң ол бір сағатқа түскі үзіліске шығады. Кейін тағы үш сағат жұмыс істеп, 15 минут демалып, тағы екі сағат жұмыс істейді.

көк пияз, Англиядағы жұмыс
Фото жеке архивінен

Осылай, күніне сегіз-тоғыз сағат алқапта пияз теріп, айына 600 000-1 100 000 теңге табыс тауып жүрміз. Қазір көпшілік арасында табысқа қатысты қате пікір қалыптасыпты. Қанша табыс табатыныңыз қай фермаға түскеніңізге байланысты. Ал ферманы сіз таңдамайсыз. Өзіңіз өтініш жіберген оператор-компания сізді қай фермаға жазса, сол жаққа барып жұмыс істейсіз. Фермада жұмыс көп болса, алатын ақшаңыз да көп болады. Бірақ аз деген табыстың өзі Қазақстандағыдан әлдеқайда жоғары, — дейді ол.

Англияға маусымдық жұмысқа тұру үшін не істеу керек?

Нұржан Лондонға сәуірде барған. Оның айтуынша, онда жету үшін аса көп шығын кетпепті.

Англияға биыл 24 сәуірде келдім. 2022 жылғы қыркүйек-қазан айларында TikTok-тан Англиядағы маусымдық жұмыс туралы видеоларды көріп қалдым. Табысы жақсы болған соң, неге барып көрмеске деп ойладым. Бұған қоса өзім ауылда өскен соң, қара жұмысты қиын көрген емеспін. Әуелі шетел төлқұжатын алдым. Кейін ресми сайттар арқылы маусымдық жұмыс үшін өтінім толтырдым, — дейді ол.

Нұржанның айтуынша, ТМД азаматтарын Англияда жұмысқа орналастыруға көмектесетін арнайы компаниялар бар. Өзі де сондай литвалық компания арқылы кеткен.

Наурызда сол компанияның сайтына кіріп, өтінім жібердім. Ертесіне олар маған What’sApp арқылы хабарласты. Әңгімелесуден жақсы өткен соң, келісімшарт жіберді. Оқып шығып, қол қойып, сканерлеп қайта жібердім. Бір аптадан кейін виза алымына 327 доллар төледім. Бізге Англияда жұмыс істеуге рұқсат беретін виза беріледі. Онда да тек ауыл шаруашылығы саласында істеуге болатын виза түрін аламыз. Наурыздың 30-ы күні Алматыға виза бойынша әңгімелесуге барып, ол дайын болғанын күттім. Сәуірдің аяғында Англияға келдім, — дейді Нұржан.

Олар Англияға бара салып, жұмысқа кіріспеген. Орналасып алуға шамамен екі күн берілген.

көк пияз, Англиядағы жұмыс
Керуен-үйлер. Фото жеке архивінен

Англияға жеткен соң, фермаға келдік. Керуен-үйлерімізге орналастық. Үйде үш бөлме бар, әрқайсында екі адамнан жатады. Біздің үйдің бір бөлмесін ерлі-зайыпты алды, қалған төрт жігіт екі-екіден бөліндік. Бірінші күні ферма өкілдері керек-жарағымызды алу үшін дүкенге алып барды. Екінші күні формамызды беріп, жұмыс тәртібін түсіндіріп, не жұмыс істейтінімізді көрсетті, — дейді ол.

Нұржан Англияға жіберемін деп ақша алатындарға сенбеуге шақырды. Ол мұнда жұмыс істеуге ниетті адам тек виза алымы мен жол шығыны үшін ғана төлеуі керек дейді.

Қазір Қазақстанда бұл кәсіпке айналып кеткен. Адамдар Англияға жұмысқа бару үшін өтінім толтырып бергеніне 500-600 мың теңге сұрап жүр. Өтінім толтыру — тегін дүние. Оны біреуге жаздырып та керек емес. Тек өзіңіз туралы сұрақтарға жауап беруіңіз керек. Бұған қоса ол құжат ағылшынша емес, орысша, — дейді ол.

Нұржанның айтуынша, мына сайттар арқылы өтінімді тегін толтыруға болады:

https://agropraktika.eu
https://www.agri-hr.com/kz/index.html
https://www.cspa.com.ua
https://www.infoworld.com.ua
https://www.agroexchange.com.ua/united_kingdom

Өз басым виза алымы мен барып-қайту билетіме тек 534 000 теңге төледім. Алғашқы екі апта айлық берілмейтінін айтқан соң, қосымша шығыныма деп 100 000 теңге ала шықтым. Сонда Англияға келу үшін жалпы 640 мың теңге кетті, — дейді ол.

Бұл жұмыстан қанша табыс табуға болады?

Нұржанның айтуынша, табыс табу үшін Англия асып кеткендер арасында жас та, қарт та көп. Бәрінің кету себебі бір.

Мұнда түрлі мемлекеттің адамы жүр. Қазақ, қырғыз, өзбек, тәжік көп. Арамызда жас жігіттер де, қыздар да, ерлі-зайыпты мен ересек адамдар да бар. Бәрінің келу себебі бір — несие жабу үшін, ипотека төлеу үшін жүр. Бірақ бұл шынымен мүмкін нәрсе. «Қазақстанда жүріп үш жыл төлейтін несиемді Англияда жұмыс істеп бір-екі айда жаптым» дейтін таныстарым бар. Елде айлығың шайлығыңнан артылмайды. Бәрінің басында үлкен сомадағы несие бар, — дейді ол.

көк пияз, Англиядағы жұмыс
ТМД-лық достарымен. Фото жеке архивінен

Нұржан табыстың қандай болары адамның өзіне және түскен фермасына байланысты екенін қайта айтты.

Жататын орынға айлықтан аптасына 64 фунт — 37 000 мың теңгедей ұстап қалады. Бұл ақшаға су, газ деген сияқты коммунал төлемдер де кіреді. Ферма өз автобустарымен апта сайын азық-түлік дүкеніне апарады. Аптасына шамамен 15 000 теңгедей кетеді, яғни шығыннан бөлек қолымызға кемі 600 000 теңге түседі. Бірақ табыс қандай болары фермаға байланысты. Кейбір фермада жұмыс аз болуы мүмкін. Өзім жақсы фермаға түстім. Келгелі осындамын, ауысу туралы ойламадым да. Бірақ фермада жұмыс аз боп, табысыңызға көңіліңіз толмай жатса, оператор компанияңызға хабарласып, басқа фермаға ауыстыруын сұрай аласыз, — дейді ол.

Жұмысқа орналасудың талаптары қандай?

Нұржан мұндай нәрселердің бәрі екіжақты келісімшартта жазылатынын айтады. Оның айтуынша, келісімшартта ферма сізді үш ескертуден соң жұмыстан шығарып жібере алатыны да жазылған.

Ферманың талабы бойынша, сағатына екі жәшік көк пияз теруіміз керек. Бұл — норма. Осы нормаға жету үшін басында екі апта беріледі. Екі аптада бұл талапты орындай алмасаңыз, сары карта аласыз. Бұл — бірінші ескерту. Осыдан соң тағы екі апта ішінде жақсы нәтиже көрсете алмасаңыз, тағы бір сары карта беріледі. Ал үшінші ескерту берілгенде, бірден жұмыстан шығасыз. Мұндайда ферма «үйге қайт» дейді. Сонша жерден келген соң ешкім мұндайда бірден елге қайтқысы келмейді. Амал жоқ, басқа жақтан жұмыс іздеп кетеді. Операторға жазып, басқа фермаға жұмысқа алуды сұрап көруге болады. Келісімшарт бойынша, алты айда бір рет жұмыс ауыстыруға мүмкіндік бар. Бұған қоса бізге ауыл шаруашылығы саласында ғана жұмыс істеуге арналған Tier 5 визасы берілген соң, басқа жерге жұмысқа да алмайды, — дейді ол.

көк пияз, Англиядағы жұмыс
Жұмыс барысы. Фото жеке архивінен

Бірақ Нұржан жұмысын тиянақты істеген адамның еңбегін ешкім жемейді дейді.

Келісімшартта қай жерде жұмыс істейтініңіз, қанша уақыт істейтініңіз — бәрі жазылып тұрады. Мұнда ең төменгі жалақы — сағатына 10,42 фунт (шамамен 6000 теңге). Бірақ Англияға барып, жай ғана сағатына 6000 теңге табамын деп ойлап келе беру жеткіліксіз. Жұмыс істеу керек болады, бойыңыз әлсіреуі де мүмкін. Бірақ ақшаңызды істегеніңізге қарай береді. Ешкім ақыңызды жемейді. Құқығыңызды таптамайды. Апта сайын бейсенбі күні ақшаңыз шотыңызға түсіп отырады. Арнайы электрон қосымшада күн сайынғы табысыңыз, қанша жұмыс істегеніңіз туралы есеп тұрады, — дейді ол.

Нұржанның айтуынша, бұл жұмысты істеуге кез келген адамның өтінімі қабылдана бермейді. Мысалы, компания бұрын сотталғандарды жұмысқа алмайды.

Сонымен қатар жас шектеуі бар: 18-55 жас. Оған қоса өтінім де дереу қабылданбайды, тек менің жолым болып кеткен сияқты. Қазір анкета толтырып қойып, оның жауабын айлап күтіп жүргендерді білемін, — дейді ол.

Нұржанның айтуынша, Англияда жұмыс істеу үшін ағылшын тілін білу міндетті емес. Ол барлық қарым-қатынас орыс тілінде жүреді дейді.

Әуелі сайтқа кіріп, анкета толтырғанда да орысша білсеңіз жеткілікті. Әңгімелесудің бәрі орысша өтеді. Фермада жұмыс істеу үшін де ағылшын тілін білу міндет емес, орыс тілін білсе болғаны. Фермада ағылшындар жоқ, супервайзерлер, әдетте, — румындар мен болгарлар, бәрі аздап орысша біледі,  — дейді ол.

көк пияз, Англиядағы жұмыс
Фото жеке архивінен

Бірақ Нұржан өзі үшін ағылшын тілін үйреніп алғысы келетінін айтады. Ол мұндай ойға демалыс күндері Лондонды аралауға шыққанда келген.

Жексенбі күні демаламыз. Англияға келіп тұрған соң әрі Лондоннан 40 минут жерде тұратын болған соң, демалыс күндерін бос өткізбеуге тырысамыз. Жексенбі күндері Лондонда жүреміз. Қаланың ішінде жүргендіктен, ағылшын білсем, тіпті керемет болар еді деп ойлап қоямын. Жақсысы, кешке жұмыстан келгеннен кейін саған ешкім тиіспейді, шектеу де қоймайды. Сондықтан жұмыстан тыс уақытта не істейтініңді өзің білесің, — дейді ол.

Жұмыстың қиын тұстары

Нұржан жұмыстың жақсы тұсымен қатар, қолайсыз жақтары да болатынын айтты. Ол Англиядағы жұмыстың табысы жақсы болса да, талабы да қатал дейді.

Жұмыста ешкім әйел-еркек деп бөліп жатпайды. Сондықтан жұмыс қыз-келіншектерге ауырлау болуы мүмкін. Бұған қоса жазда аптап ыстық, күз келе салысымен күнде жаңбыр. Бірақ ауа райына бола ешкім демалыс бермейді. Суық өтеді, күн өтеді, бірақ келгендегі мақсатыңды есіңе алып, таңертең жұмысқа шыға бересің, — дейді ол.

англия, Англиядағы жұмыс
Жұмыс барысы. Фото жеке архивінен

Нұржан Англияға жұмысқа баруға дайындалып жүрген азаматтарға елден қажет дәрі-дәрмек пен су өткізбейтін етік ала шығуға кеңес берді.

Компания медициналық сақтандыру үшін де салық төлейді. Бірақ болмашы бас ауыра қалғанда, дәріханаға жүгіріп барып, керегіңді алып келе алмайсың. Дәрігердің рецептісінсіз ештеңе сатпайды. Сондықтан керегіңіз болса, елден ала келген жөн. Су өткізбейтін етік те артық болмайды. Бірақ мұндай арнайы киімді кейбір ферма өзі де береді, — дейді ол.

Нұржан қазір елге қайтуға дайындалып жатыр. Екі аптадан соң келісімшарт мерзімі аяқталады. Бірақ ол аз уақыт өткен соң қайта Англияға оралуды жоспарлап отыр.

16 қазанда елге қайтамыз. Сондықтан қазір қыдырмастан, қызу жұмыс істеп жатырмыз. Нәтижеіміз де жақсы. Сондықтан ферма келесі маусым ашылғанда шақыртумен алдырады. Былтыр жақсы көрсеткіш көрсеткендер биыл да істеп жатқанын көрдік. Шақырту біздің операторымызға жіберіледі. Есесіне кезексіз келеміз, — дейді ол.

Нұржанның табысы

Нұржан өзінің есебі орындалғанын айтты. Ол Қазақстанға басында қарызы жоқ адам болып оралмақ.

Басында барлығы айына миллион тапсам, алты айда алты миллионмен қайтамын деп ойлайды. Бірақ келмей жатып жол мен визаға 600 мың теңге төлеп, шығындандық. Одан кейін несиемізді төлеп тастауға тырыстық. Сосын әлгі 600 мың теңгенің орнын толтырдық. Қалған ақшамызды жинадық. Біраз жігіттің ойы ақшаның басын біріктіріп, ипотекамен баспана алу ғой. Қалаған соманы түгел жинай алмасам да, сол шамаға жетіп қалады. Бұған қоса негізі бір рет екі-үш күн еңбек демалысын алуға болады. Мен ол мүмкіндікті пайдаланбаған соң, ол ақы да жақында шотыма түседі, сонымен әжептәуір сома шығып қалуы керек. Мұнда, жақсысы, еңбекті қанамайды, істегеніңе қарай еңбекақы береді. Ал Қазақстанда дәл осы жұмыс үшін күніне 5 000 теңге төлейді. Содан болса керек, елге тек демалу үшін бара жатырмын, — дейді ол.

Виза талаптары бойынша, Нұржан Англияға енді тек алты айдан кейін бара алады. Бұл аралықта ол басқа елдерден жұмыс қарастырып көрмекші.

***

Тағы оқыңыз:

«14 елге мемлекет ақшасына бардым». Студент шетелге қалай тегін шыға алады?