Елімізде Алматы күні қыркүйектің үшінші жексенбісінде тойланады. Биыл айтулы дата 17 қыркүйекке түсіп тұр. Мерекеге орай, Baribar.kz тілшілері қаланы аралап, XX және XXI ғасырлардағы Алматының айырмасын, қаланың қалай өзгергенін біліп қайтты.

Қазақ мемлекеттік циркі

1968 жылы Қазақ КСР бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев пен Қазақ КСР министрлер кеңесінің бастамасымен Алматыда мемлекеттік цирк салу туралы шешім қабылданды. 1972 жылы ғимарат салынып, алматылықтарды алғашқы қойылымдармен қуантты.

Басында цирктің 2 160 орны болған. 2003-2006 жылғы күрделі жөндеуден кейін залдағы орын саны 1 798-ге дейін қысқарды.

Қазақ мемлекеттік циркі. 1976 жыл. Фото: Almaty.memories

Қазір цирктің алдында түрлі жануардың мүсіні бар. Қойылымдармен қоса мұнда ауқымды бизнес-трениңдер өтіп тұрады.

Қазақ мемлекеттік циркі. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайы

Спорт сарайы 1967 жылы Қазақ КСР министрлер кеңесі жанындағы дене шынықтыру және спорт жөніндегі мемлекеттік комитеттің тапсырысы бойынша салынған.

Ол кезде хоккей және мәнерлеп сырғанау бойынша оқу-жаттығу сабақтары мен жарыстар өтетін мұз аренасы болды. Онда эстрада және мұз балет артистерінің қойылымы, бокстан, баскетболдан, каратэден халықаралық, бүкілодақтық және республикалық жарыстар өтті.

Басында Балуан Шолақ атындағы спорт сарайының бұрынғы атауы «Октярьдің 50 жылдығы атындағы спорт сарайы» болып аталды. Қазіргі атауы тәуелсіздік алғаннан кейін ауысты.

2010 жылы Алматы мен Астанада өткен қысқы Азия ойындарына орай нысан толығымен қайта құрылды.

Балуан Шолақ атындағы спорт кешені. 1968 жыл. Фото: Almaty.memories
Балуан Шолақ атындағы спорт кешені. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті

Бұл университеттің тарихы ерекше. Себебі XX ғасырдың 90-жылдарында екі жоғары оқу орны қосылып, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті болып бірікті.

1929 жылы Ресей кеңестік федерациялық социалистік республикасы халық комиссарлар кеңесінің қаулысымен ветеринарлық институт құрылды. Бұл Қазақстандағы екінші жоғары оқу орны еді. 1981-1982 жылдары университетте бес мыңнан астам студент, 314 оқытушы болды. Кейін ол Алматы зоовете­ри­нарлық институты болып өзгерді.

1930 жылы егіншілік және жеміс-көкөніс факультеттерінен тұратын Қазақ ауылшаруашылық институты құрылды. Алғашында институтта дәнді және техникалық дақылдар факултьтеті болды. 1981-1982 жылдары институтта 10 мың студент оқыды.

Сөйтіп 1996 жылы осы екі институт бірігіп, соның негізінде Қазақ ұлттық аграрлық университеті құрылды.

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті XX ғасырдың 50-жылдары. Фото: Almaty.memories
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Республика сарайы

1967 жылы Дінмұхамед Қонаевтың тапсырмасымен Лениннің 100 жылдық мерейтойына орай, Ленин атындағы сарайды жобалау жұмысы басталды. Үш жылдың ішінде ғимарат салынып, 1970 жылы сарай ашылды. КСРО ыдырағаннан кейін оның атауы Республика сарайы болып өзгерді.

Республика сарайының құрылысына ат салысқан сәулетші Олег Балыкбаевтың айтуынша, сарайдың ішіндегі жарық көздерінің формасы ерекше. Себебі оның пішіні ұсақ жапырақшалардан тұратын үлкен ақ гүлге ұқсатып жасалған.

2010-2011 жылы Республика сарайы күрделі жөнделді. Құрылымның сырты толығымен өзгертіліп, витраждар, есіктер мен баспалдақтар ауыстырылды.

Республика Сарайы. Фото: voxpopuli.kz
Республика сарайы. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Қазақстан қонақүйі

Бұл — Алматыдағы республикалық дәрежедегі жоғары класты қонақүй. Қонақүй пішінімен ерекшеленіп, Алматының символына айналды.

Қазақстан қонақүйінің құрылысы 1975 жылы басталып, екі жыл салынды. 25 қабаттан тұратын қонақүйдің 360 нөмірі бар.

Бір қызығы, жобалау кезінде қонақүйдің үстінде тұрған алтын түсті тәж болмаған. Бірақ лифтінің биіктігі ғимараттан жоғары шығып кеткен. Содан сәулетгілер лифтінің жоғары шыққан бөлігін тәжбен жауып қойған.

Қазақстан қонақүйі. Фото: trip-for-the-soul.ru

Қазір ғимаратта мерейтойлар тойлайтын банкет залы бар, ал қонақүйдің сыртында тамақтанатын орындар мен саябақ салынған.

Қазақстан қонақүйі. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Арман кинотеатры

Кинотеатр 1968 жылы салынды. Алғашында кинотеатр 450 және 550 орындығы бар екі залдан тұрды. 1981 жылы кинотеатрға 1,7 миллионнан астам көрермен барған.

Ғимараттың сыртында Амангелді Иманов, сарбаздар, ғарышкерлер, егін орып жатқан әйелдер бейнеленген еді. Суреттердің жанында екі тілде былай жазылып тұрды: «Халқымыздың жолы, ерлігі зор. Ол болашақ ұрпақ үшін, бостандық жолын таңдаған кез келген адам үшін мәңгілік үлгі болады».

Арман кинотеатры. 1986 жыл. Фото: Almaty.memories

Қазір кинотеатрда жалпы 570 адам сыятын алты зал бар. Оған қоса мұнда республикалық және халықаралық түрлі кинофестиваль өтіп тұрады.

Арман кинотеатры. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

«Весновка» — әл-Фараби даңғылы

Есентай (Весновка) — Іле алабындағы өзен, Кіші Алматы өзенінің сол тармағы. XX ғасырдың аяғында қала тұрғындары өзен бойымен серуендей алатын жағдай жасалмаған еді. Айналасын шөп басып, өзен мен жаяу жүргіншілерге арналған жол арасында бөгет те салынбаған болатын.

Ал қазір жолға асфальт төселіп, Алматы тұрғындарына бір емес, екі жол бойымен серуендеуге мүмкіндік бар. Бұл жер кәдімгі аллеяға айналды.

Оған қоса мұнда жаттығуға арналған құралдар орнатылған, тұрғындар спортпен шұғылдана алады. Алматылықтар бұл жерде жүгірумен де айналысады.

"Весновка"-әл-Фараби.
Есентай өзені. 1980 жыл. Фото: Almaty.memories
Весновка-әл-Фараби.
Есентай өзені. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Ықылас Дүкенұлы атындағы музыкалық аспаптар музейі

Музей ғимараты 1903 жылы археолог Андрей Зенковтың жобасы бойынша салынған. Сол жылдары бұл ғимаратта Түркістан генерал–губернаторлығы мерекелік шаралар өткізетін, ал 1981 жылы ғимарат музейге айналды.

Алғашында музейде археологтар тауып, жинаған 300-ден астам экспонат болды. 1990 жылы музейдің атауы XIX-XX ғасырларда өмір сүрген қазақ халқының атақты күйші-қобызшысы, композитор Ықылас Дүкенұлының құрметіне өзгертілді.

Қазір музейде қазақ халқының көне замандардан бері келе жатқан 2000-ға жуық ұлттық аспабы бар. Бір қызығы, ғимарат тұтастай ағаштан жасалған.

Ықылас Дүкенұлы атындағы музыкалық аспаптар музейі. 1910 жыл. Фото: Almaty.memories
Ықылас Дүкенұлы атындағы музыкалық аспаптар музейі. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Алматы орталық мәдениет және демалыс саябағы

Бұл саябақ 1856 жылы Верный гарнизонының офицерлері серуендеп, демалуына арнап салынған. Бастапқы атауы — «Казённый сад».

Оған қоса мұнда Верный кәсіпорындарының жұмысшылары  митиңдер, жиналыстар өткізетін. 1919 жылы саябақта Жамбыл Жабаевтың қатысуымен айтыс өтті. Ал 1937 жылы саябақта зообақ ашылды.

Алматы орталық мәдениет және демалыс саябағы. 1930 жыл. Фото: Almaty.memories
Алматы орталық мәдениет және демалыс саябағы. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Мына фотода 1970 жылы саябақтың аттракциондары көрсетілген.

Алматы орталық мәдениет және демалыс саябағы. 1970 жыл. Фото: Almaty.memories

Қазір Алматы орталық мәдениет және демалыс саябағында 23 аттракцион бар. Сонымен қатар мұнда акуапарк, динопарк, мейрамханалар, катамаран, веложол, волейбол, баскетбол, теннис, спорт алаңдары бар.

Алматы орталық мәдениет және демалыс саябағы. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Алматы орталық мәдениет және демалыс саябағы. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Родина кинотеатры

Родина кинотеатры 1937-2014 жылдары жұмыс істеді. Кеңес заманында кинотеатрда соғыс, еңбек ардагерлерімен, өндіріс озаттарымен, әдебиет және өнер қайраткерлерімен кездесу өтетін.

1999 жылы қала әкімі ғимарат апатты жағдайда тұр деп кинотеатрды бұзу туралы шешім қабылдаған. Бірақ 2000-жылдардың басында кинотеатр қайта құрылып, іске қосылды. Алайда 2014 жылғы 14 маусымда ғимарат өртеніп, кинотеатр жабылды.

Родина кинотеатры. 1939 жыл. Фото: Almaty.memories

Сөйтіп 2014 жылы кинотеатрдың орнына динопарк салынды. Динопаркте 24 экспонат бар.

Динопарк. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры

Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры 1946 жылы ашылды. Басында «Қазақтың балалар мен жасөспірімдер театры деп аталды». Сол жылғы 4 шілдеде театрда алғаш рет Лев Толстойдың  «Алтын  кілт»  пьесасы қазақ  тілінде қойылды.

Спектакльді  кеңес  одағы  бойынша  балалар  театрының  негізін  қалаған  режиссер Наталя Сац  қойды. Бұл театр көп жыл бойы орыс балалар театрымен бірлесіп жұмыс істеп, екі тілде қойылым шығып жүрді.

1982 жылдан бастап театрлар бөлек жұмыс істей бастады. Содан бері мұнда тек қазақ тіліндегі спектакльдер қойылады.

Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры. 1997 жыл. Фото: Almaty.memories

Бүгінгі күнде театр бірнеше рет қайта құрылды. Қазір театрдың алдында ландшафты аймақ бар және жазушы Ғабит Мүсіреповтің ескерткіші орнатылған.

Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Саяхат автовокзалы

Алматыдағы Саяхат халықаралық автовокзалы 1967-2008 жылдары жұмыс істеді. Тұрғындар автобекеттен Сарыөзек, Орал, Ақтөбе, Тараз, Туғанбай, Үштөбе, Қонаев, Алексеевка, Текелі, Кентау, Түркістан сияқты қалалар мен елдімекендерге қатынайтын. Бірақ 2008 жылы Саяхат автобекетінің тарихи ғимараты сүріліп тасталды. Қала тұрғындары Саяхат десе, сол жердегі биік сағатты еске алатын.

Саяхат автовокзалы. 1960 жылдадың соңы. Фото: almaty.memories

Оның орнына не жаңа заманауи көлік кешені, не сауда орталығын салу жоспарланған болатын. Бірақ биыл тұрғын үй кешені салынатын болып, қазір құрылыс жұмысы қызу жүріп жатыр.

Саяхат автовокзал. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz