Ауыл шаруашылығы десе, аптап ыстықта шаң-тозаң арасында жер жыртып, егін егіп жүрген диқанды елестетін шығарсыз. Дегенмен жаңа технология мен жасанды интеллектінің арқасында бұл сала мұндай жұмыс тәртібінен әлдеқайда алшақтап кеткен. Оған Өскемен маңында орналасқан Верх-Уба ауылындағы Aitas Agro компаниясының алқабында істейтін мамандардың тыныс-тіршілігі дәлел. Ауыл шаруашылығының дамып жатқаны соншалық, агрохакер сияқты жаңа мамандар пайда болған. Baribar.kz тілшісі алқапқа барып, мамандармен тілдесіп, ауыл шаруашылығы қалай цифрланып жатқанын және бұл салада қандай өзекті мәселелер бар екенін біліп қайтты.

Цифрлық басқару жүйесі ауыл шаруашылығы мамандарының жұмысын қалай жеңілдетті?

23 жастағы Нұрбол Мамырханов Aitas Agro компаниясында агротехнологияларды дамыту жөніндегі маман болып істейді. Былайша айтқанда, ол — агрохакер. Әдетте жастар қалаға баруды қаласа, Нұрбол егістікте істеуді жөн көріпті.

Мені қызықтырғаны және өзіне тартқаны — мұндағы табиғат. Айналадағы әсем бейнеге тамсанып қарайсың. Одан кейін ауылда туып өскен соң, жаныма қаланың қарбалас өміріне қарағанда осы жақтың тіршілігі жақын, — дейді ол.

Дәл Нұрбол сияқты мамандар жаңа технологияның жасанды интеллект сияқты ұтымды тұстарын ауыл шаруашылығында қолданып жүр.

Біздің алқапта түрлі дәнді дақыл өседі. Менің қызметім — соларды егетін, жинайтын трактор, комбайн және басқа да техникаларға бергіштерді (датчик) орнату. Олардың дұрыс істеуін қадағалау, автопилоттың жұмысын реттеу және бағдарламалау, GPS орнату, — дейді Нұрбол.

агрохакер Нұрбол Мамырханов
Нұрбол Мамырханов. Фото жеке архивінен

Алқаптағы тракторға, комбайнға және басқа техникаларға орнатылған бергіштер мен GPS арнайы жүйеден барлық ақпаратты көруге мүмкіндік береді. Мысалы, комбайнның қайда жүргенін, қанша уақыт істегенін, қанша гектар жер орғанын, енді қанша гектар қалғанын, қанша литр жанармай жұмсалғанын онлайн көріп отырады.

Әрине, техникалардағы бергіштерге шаң-тозаң жиналып қалуы мүмкін. Мұндай жағдайда барып, тазалап тұрамын. Офисте де, егістікте де істеймін. Жұмысым қызық әрі күрделі, — дейді агрохакер.

ауыл шаруашылығы алқап
Фото: Aitas Agro компаниясы

Кез келген адам қателеседі. Сол сияқты комбайншы да алқаптың бір жерін екі рет жүріп өтіп, онда екі мәрте егін егіп шығуы мүмкін. Болмаса, бір жерге егін себуді ұмытып кетуі ықтимал. Ал бүгінде маман техникадағы цифрлық басқару жүйесінің арқасында егістіктің қай аумағына егіп-екпегенін немесе қай жердің өнімін орып-ормағанын біле алады. Осылай, алқаптағы қызметкерлердің жұмысы жеңілдейді әрі жылдам істеледі.

Алқаптағы техникалардың цифрлануы офистегі басқарушы мамандардың қызметіне де көмектесіп жатыр. Олар егістіктегі қызметкерлердің атқарған жұмысын онлайн бақылап отыра алады. Қанша литр жанармай кеткенін көріп, келесі жолға шамамен қажет мөлшерді есептей алады. Жанармай есебі көрініп тұратындықтан, оның ұрлануына да жол берілмейді. Мамандар топырақтың құнарлығына байланысты тұқым көлемін мөлшерлейді. Осылай, шығын азайып, өнімділік артады.

ауыл шаруашылығы алқап
Фото: Aitas Agro компаниясы

Егістікті зиянкестерден қорғау үшін оған уақтылы дәрі шашып, залалсыздандырып отыру қажет. Қазір мұның да тиімді әдісі шыққан. Мысалы, бүгінде Verkh-Uba шаруашылығында егістіктер арнайы көлік және дрон арқылы залалсыздандырылады. Дрон бір ұшқанда алқаптың үстінен 40 литр дәрі шаша алады.

ауыл шаруашылығы алқап
Фото: Aitas Agro компаниясы

Оған қоса ауыл шаруашылығы мамандары арнайы Telegram-боттарды қолданады. Бұл арқылы олар күнбағыстағы, жүгерідегі тұқымды санай алады.

Telegram-боттың скрині
Telegram-боттың скрині

Ауыл шаруашылығы саласында қандай проблемалар бар?

Нұрбол істейтін ауыл шаруашылығы алқабында бидай, жасымық, бұршақ, күнбағыс және сыра қайнататын арпа өседі. Егістіктен жылына 70-80 мың тонна өнім шығады. Дегенмен Aitas Agro-ның бас директоры Талғат Алдажаровтың айтуынша, биылғы ауыл шаруашылығы маусымы фермерлер үшін аса күрделі болып тұр. Қазақстанның барлық дерлік аумағында болған құрғақшылық пен бұрын-соңды болмаған аптап ыстық өнім көлемінің айтарлықтай азаюына әкелді. Ал екінші жағынан әлемде және өңірде ауыл шаруашылығы дақылдарының бағасы күрт төмендеп кетті.

ауыл шаруашылығы алқап
Фото: Aitas Agro компаниясы

Сарапшылардың айтуынша, биыл қазақстандық барлық ауыл шаруашылығы кәсіпорны қызметінің нәтижесіне әлемдегі саяси және экономикалық проблемалар ғана емес, ел ішіндегі үкіметтік бастамалар да әсер еткен. Олардың қатарында ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортына қойылған жасанды шектеулер және кеден баждары бар.

Былтыр осы уақытта 3-наубайханалық кластағы бір тонна бидай шамамен 180 мың теңге (немесе өткен маусымда орта есеппен 130 мың теңгеге жуық) тұрды. Биыл бұл баға 90 мың теңгеге жетер-жетпес қана болып тұр. Ал өнімнің бір тоннасының өзіндік құны шамамен 25%-ке өсті. Тиісінше бұл фермерлердің нәтижесіне кері әсер етіп жатыр, — дейді Талғат Алдажаров.

Талғат Алдажаров
Талғат Алдажаров. Фото: Aitas Agro компаниясы

Күнбағыс тұқымына қатысты да дәл осындай жағдай байқалады. Талғат Алдажаровтың айтуынша, нарықты реттеуге тырысқан мемлекет күнбағыс құнын тоннасына 380 мың теңгеден 150 мың теңгеге дейін азайтқан. Үш жыл ішінде Қазақстанда күнбағыс тұқымын өндіру 35%-ке өскенімен, күнбағысқа биыл 20%-тік экспорттық баж салығы енгізіллі. Сөйтіп бұл өзгерістер егістің айтарлықтай қысқаруына әкеп соққан.

Қазақстанның көп аймағында болған құрғақшылық та фермерлер жұмысына ықпал етті. Елдің батысында, орталығында және шығыс аумағында жауын-шашын аз түсті. Бұл ауыл шаруашылығы дақылдарының өсуі мен дамуына зиянын тигізді.

ауыл шаруашылығы алқап
Фото: Наргиза Аршидин

Алайда осындай қиындықтарға қарамастан, аралық есеп көрсеткіштері бойынша, Aitas Agro фермерлері барлық жоспарланған жұмысты уақытында орындаған, тыңайтқыштарды толық мөлшерде қолданып, топырақтағы ылғалды ұстап қалу үшін барлық қолдан келген әдісті қолданған. Компания маусымның басында өнімділігі жоспарланған көрсеткіштен төмен болатынын, бірақ бұл бүкіл ел бойынша орташа өнімділіктен едәуір жоғары болатынын айтады. Бұл нәтижеге  жетуге бірегей цифрлық басқару жүйесі көмектесіпті.

Біз өнімділікті болжау үшін жасанды интеллект пен машиналық оқытуды қолдануға тырысамыз, ауа райын болжаудың заманауи шешімдерін іздейміз. Осы маусымда арнайы оқытылған дрон арқылы мәдени және арамшөпті өсімдіктерді анықтау және санау үшін компьютерлік көру технологиясын қолданып көрдік. Бұл тәжірибені жалғастырып, одан әрі дамытамыз, — деді Талғат  Алдажаров.

Маман ауыл шаруашылығы техникасының үнемі қымбаттайтыны фермерлердің жылдар бойы шешілмеген негізгі мәселелерінің бірі екенін айтты. Техника жыл сайын 15-30%-ке қымбаттайды екен. Фермерлер үкіметтің импорттық техниканы субсидиялау мөлшерлемесін қысқарту бастамасы бірқатар проблемаға, соның ішінде өндірілген өнімнің өзіндік құнына кері әсер ететініне сенімді. Ол аздай ауылдағы интернет те нашар. Бұл да цифрлық басқару арқылы істейтін техниканың жұмысын баяулатады.

Әрине, техниканы, жаңа технологияны дұрыс қолданған тиімді. Десе де оларды басқаратын білікті мамандар да қажет. Талғат Алдажаровтың да, агрохакер Нұрбол Мамырхановтың да айтуынша, ауыл шаруашылығында істейтін жас маман аз. Сондықтан олар жастарды Қазақстанның экономикасын көтеретін салаға шақырады.

Ауыл шаруашылығында істейтін маман — халықтың дастарқанында тұратын нанды әзірлеуге ат салысқан ең алғашқы адам. «Ауыл шаруашылығы» деген ескі Нива айдап жүретін адамдар ғана емес. Тіпті қазір мұндағы қызметкерлерді жай ғана тракторшы емес, «егумен және жинаумен айланысатын операторлар» деп атаймыз. Ол кісілер бұрынғыдай майдың астына түспейді. Таза, кондиционері және ыңғайлы орындығы бар көлікті айдайды. Барлық жағдай жасалған. Оған қоса ауыл шаруашылығы — елдің болашағы. Бұл сала мемлекеттің экономикасын көтереді, — дейді Нұрбол Мамырханов.