Бәйтерек жастары «Бастаңғыда» бас қосты

Батыс Қазақстан облысының Бәйтерек ауданы жастары ұмытылып бара жатқан қазақтың «Бастаңғы» дәстүрін қайта жаңғыртты. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Шаған өзенінің жағасына киіз үйлер тігіліп, қазан көтерілді. Жастар бұл ауылды «Наурыз» ауылы деп атаған. Алаңқайдың қоршауына найза шаншылып, Кіші жүзді құрайтын 25 рудың таңбасы мен атауы жазылған жалау көтерілген.

бастаңғы
Фото: БҚО әкімдігі

Театрландырылған қойылымда ауылға салт атпен келген сал-серілерді құрметпен қарсы алған жастар «Деңгене», «Сірге жияр», «Қап қағар», «Біз қадау» сынды салт-дәстүрлерін дәріптеді. Одан әрі аруақтар рухына Құран бағышталып, қой сойылды. Жастар ол жерде қой союдың қыр-сырына қанығып, тәжірибе алмасты. Қыздар жағы құрт қайнатып, бауырсақ пісірді. Ұлттық ойын «Жамбы атудан» жарысқан жастар аударыспақта да білек күшін байқасты. Өнерлі өрендер күй тартыс жасап, дәстүрлі әнмен бастаңғының бәсін асырды. Алтыбақан теуіп, ру шежіресін тарқатқан әңгіме көрігі қызды. Әр киіз үйде ауданның спорт, кітапхана, туризм, шырғамашылық орталығы, мәдениет және өнер саласында жүрген жастар жетістіктерімен бөлісіп, көрме ұсынды.

Ақ Жайық өңіріне арнайы сапармен келген Қазақстан Республикасы Жазушылар Одағының төрағасы, баспагер Мереке Құлкенов, «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сайран Дүйсенов, облыстық қоғамдық даму басқармасы жастармен жұмыс бөлімінің басшысы Мирфат Талғатұлы, облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Аңсар Ихсанұлы келіп жастармен пікірлесті.

бастаңғы
Фото: БҚО әкімдігі

Меймандарға жайылған дастархан басында «Табақ тарту» рәсімі жасалды. Күмбір күй төгіліп, әсем ән шалқыған думанды шарады аудан жастары өзара қағытпа қалжың, әдемі әзілдерімен сауық кешін түйіндеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да