Қазақстандық дзюдошы Абиба Әбужақынова Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан ХІХ жазғы Азия ойындарында күміс жүлдегер атанды. Ал Мағжан Шамшадин қола медаль алды. Бұл туралы туризм және спорт министрлігі хабарлады.
Абиба Әбужақынова финалда 2018 жылғы Азия ойындарының жеңімпазы, жапониялық Нацумо Цунодаға есе жіберді.
Ұлттық құрама спортшысы Ханчжоудағы алғашқы белдесуінде Филиппин спортшысын вазари әдісімен, сосын Солтүстік Корея палуанын ұтты. Ал жартылай финалда Оңтүстік кореялық Ли Хек Енг ескерту алып, Абиба Әбужақыноваға жол берді.
Абиба Әбужақынова биыл ақпанда Португалияда Гран-При бәсекесінде топ жарған (әйелдер арасында) тұңғыш қазақ дзюдошысы болды.
Бұған қоса Азия ойындарында ел қоржынына қола медаль түсті. Байрақты бәсекенің қола жүлдесін дзюдошы Мағжан Шамшадин алды. 60 келіде бақ сынаған спортшы тәжікстандық Мехрзод Суфиевті Waza-Ari әдісімен жеңіп, Азия ойындарында үшінші орын алды.
23 қыркүйекте Қытайдың Ханчжоу қаласындағы Үлкен Лотус стадионында ХІХ Азия ойындарының ашылу салтанаты өтті.