Қазақстандықтар Сейшель аралдарына визасыз бара алады

Қазақстан мен Сейшель аралдары визасыз режим туралы келісімге қол қойды. Елдер келісімді ратификациялаған соң қазақстандықтар Сейшель аралдарына 30 күн бойы визасыз бара алады. Бұл туралы сыртқы істер министрлігі хабарлады.

Нью-Йорктегі БҰҰ Бас ассамблеясының 78-ші сессиясы аясында Қазақстан сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу және Сейшель аралдарының сыртқы істер және туризм министрі Сильвестр Радегонд екіжақты қатынастарды дамыту және көпжақты форматтағы өзара іс-қимылдар бойынша келіссөз жүргізді.

Нұртілеу Қазақстанның Африка елдерімен ынтымақтастығының нығайып келе жатқанын атап өтті.

Ол екіжақты негізде және көпжақты бірлестіктер шеңберінде өзара қызығушылық тудыратын салаларда қазақ-сейшел ынтымақтастығын дамытуға бірлескен күш-жігер жұмсауға дайын екенін растады, — деп жазылған хабарламада.

Келіссөздер қорытындысы бойынша министрлер Қазақстан Республикасының үкіметі мен Сейшель Республикасының үкіметі арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісімге қол қойды. Аталған келісім күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің аяқталғаны туралы тараптардың соңғы жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күнінен кейін 30 күн өткен соң күшіне енеді.