Азия ойындарына Қазақстаннан 524 спортшы барады

ХІХ жазғы Азия ойындары 2023 жылғы 23 қыркүйек пен 8 қазан аралығында Қытайдың Ханчжоу қаласында  өтеді. Бұл туралы туризм және спорт министрлігі хабарлады.

Сары құрлықтағы 45 елдің 15 мыңнан астам спортшысы 40 спорт түрінен 481 медаль жиынтығын сарапқа салады.

Елімізден Азия ойындарына 30 спорт түрінен 524 атлет (262 ер, 262 әйел) барады. Оның ішінде олимпиада бағдарламасына кіретіні 27, ал қалған үшеуі олимпиадалық емес спорт түрі.

Оған қоса алдағы додада спорттың сегіз түрінен: бокс, садақ ату, қазіргі бессайыс, жүзу, брейкиң, көгалдағы хоккей, теннис пен жеңіл атлетикадан Париж олимпиадасына лицензиялар ойнатылады.

Сонымен қатар таэквондо, дзюдо, триатлон, бадминтоннан рейтиңдік ұпайлар сарапқа салынады.