23 қыркүйек пен 8 қазан аралығы Қытайдың Ханчжоу қаласында өтетін 19-Азия ойындарына Қазақстаннан 525 спортшы қатысады. Бұл туралы туризм және спорт министрлігі хабарлады.
Спортшылар 30 спорт түрінен 305 медаль үшін таласады.
Біз осы сәтке дейін ұзақ әрі ауқымды жұмыс атқардық. Өте белсенді дайындықты өткердік. Кешенді жоспар әзірленді, 400-ден астам оқу-жаттығу жиыны өтті, түрлі турнир ұйымдастырылды, соның арқасында біздің спортшылар өздерін жоғары халықаралық деңгейде көрсетуге мүмкіндік алды. Баршаңызға сәттілік, жігер мен төзімділік тілеймін, — деді ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.
Қазақстандық спортшылар бокс, дзюдо, таэквондо, күрес, жеңіл атлетика, садақ ату, қазіргі бессайыс, брейкинг, бадминтон, триатлон, теннис, су спорты (жүзу және артистік жүзу), баскетбол, ескек есу спорты, велоспорт, семсерлесу, ауыр атлетика, гольф, гимнастика, гандбол, волейбол, құзға өрмелеу, ескек есу, регби-7, үстел теннисі, ату және хоккей сайыстарына қатысады. Сонымен қатар отандық спортшылар 3 олимпиадалық емес спорт түрі: у–шу, жекпе-жек және интеллектуалды үстел ойындарында да жарысады.
Қазақстан құрамасы 1994 жылдан бері Азия ойындарына сегізінші рет қатысып келеді.