Елімізде қанша адам спортпен шұғылданады?

Бүгінде әрбір үшінші қазақстандық немесе 7 миллион 587 мың адам спортпен шұғылданады. Бұл жалпы халық санының 38,5%-і.

Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметі бойынша, оның ішінде 258 мыңнан астам бала мен жасөспірім 800-ден астам дене шынықтыру клубтарында спортпен шұғылданады.

Кейінгі үш жылда спортпен және дене шынықтырумен айналысатын ерекше қажеттіліктері бар адамдардың саны 25,3%-ке өсіп, 51 325 адамға жетті. Ал 584 мыңға жуық адам ұлттық спорт түрлерімен жүйелі түрде айналысады.

Жалпы республика бойынша 43 мыңнан астам спорттық ғимарат болса, оның 23 мыңнан астамы ауылдық жерде орналасқан.

Биыл 113 жаңа спорттық нысан салу, 20 спорттық нысанды реконструкциялау, алты жұмыс істеп тұрған спорт объектілерін жете жарақтандыру бойынша жұмыс басталды. Республикада жыл сайын 1,2 миллион адамды, оның ішінде ауылдық жерлерде 500 мың адамды қамтитын, әртүрлі деңгейдегі 25 мыңнан аса спорттық-бұқаралық іс-шара тұрақты түрде өткізіледі. Әсіресе, кейінгі жылдары жүгіру, марафон, велошеру мен веломарафондар, спорттық фестивальдер, отбасылық жарыстар, жаппай сырғанау танымал бола бастады.

Наурыз айында мәдениет және спорт министрлігі дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекітті.

Министрлік 2030 жылға қарай дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысатын қазақстандықтардың үлесін жалпы халық санының 50%-не дейін жеткізуге ниетті. Ол үшін азаматтарымызды спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бағытында қарқынды жұмыс жүреді.