Қазір — саналуан киім бір-бірімен үйлесіп, жаңа тренд шығып отыратын заман. Биыл күзде қалай киінген жөн? Трендті киім үлгілері туралы стилист Мөлдір Алмасбек айтып берді.

Стилист Мөлдір Алмасбектің айтуынша, биылғы күздің тренд түсі — қызыл. Алайда бұл гардеробыңызды қызыл түсті киімге толтыру керек деген сөз емес.

Жылдың, жыл мезгілінің түстері — қысқа мерзімді тренд. Демек, ол белгілі бір уақытта білінер-білінбес, әйтеуір бір «тренд» деген мәртебесі бар түс. Қашан да трендте болатын түстер — бейтарап түстер. Мысалы, ақ, қара, қоңыр, сұр, қоңыр-сарғыш түс. Осындай түсті киім таңдап, оны түрлі-түсті киіммен үйлестірсеңіз, еш қателеспейсіз, — дейді Мөлдір Алмасбек.

Мөлдір Алмасбек. Фото жеке архивінен

Стилистің сөзіне қарағанда, киімнің тренд үлгілерін (фасон), түсін Парижде, Миланда және тағы басқа қалаларда өтетін көрмелерден байқауға болады. Мәселен, «тренд болжаушысы (форкастер)» деген мамандар бар. Олар — болашақта тренд болатын киім үлгілерін, түсін болжап, зерттейтін консалтиң компаниялардың қызметкерлері.

Олар ел аралап, адамдардың тұрмыстағы жағдайын, күнделікті өмірін зерттейді. Мысалы, бұрын әйелдер көйлекпен кроссовка кие алмайтын. Ал қазір екінің бірі кроссовкамен жүр. Өйткені өмірдің қарқыны өзгерді. Әйелдер бұрынғыға қарағанда көбірек жұмыс істейді. Күні бойы туфлимен жүрген ыңғайсыз. Сөйтіп, кроссовки тренд болып кетті, — дейді стилист.

Дизайнерлер тренд болжаушылардың болжамына қарай киімдер тігіп, көрмелерге шығарады.

Стилист Мөлдір Алмасбек ұсынған биылғы күздің тренд киімдерін ұсынамыз:

Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz

Былғары күрте (косуха), футболка, джинс. Мұның бәрі — базалық киім. Қазір көбіне кең былғары күрте киеді. Оны тырыстырып кимеген дұрыс. Күрте таңдарда оның жағасына мән беру керек. Жағасы болмаса немесе доғал болса, ол базалық күртеге жатпайды. Оған қоса доғал жағалы күртелер көп адамға жараса бермейді.

Негізі былғары күртенің ішінен кез келген киім киюге болады. Мысалы, футболка, майка, жемпір және тағы басқа. Түске де аса мән берудің қажеті жоқ. Себебі күрте мен шалбардың базалық болғанының өзі жеткілікті, — дейді маман.

Қазір белі жоғары тұратын, бос джинс базалық шалбарға жатады. Сондықтан джинс мом (белі жоғары тұратын джинс), палаццо (белі жоғары тұратын, пішімі кең джинс) үлгілерін алған жөн. Себебі ол барлық дене бітіміне жараса береді. Ал карго (белі жоғары тұратын, өте кең джинс) — қысқа мерзімді тренд.

Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz

Қара пальто, қара футболка, ашық қоңыр шалбар, ақ кеды. Ұзын қара пальто — базалық сырт киім.

Минимализм стилін ұнататын арулар суреттегідей ақ, қара, қоңыр-сарғыш түсті футболка, майка немесе свитер кие алады. Ал образды қызықты қылу үшін, түрлі-түсті, не суреті бар киім келе береді, — дейді стилист.

Бұл образға кез келген аяқкиім сай келеді. Мысалы — бәтеңке, лофер, челси, берцы. Кроссовканы күн жылы болған кезде киген жөн. Суретте шарфтың орнына свитер қолданған. Бұл да ерекше көрінеді.

Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz

Жасыл свитер, былғары шалбар. Жарқын түсті киімді киюге батпасаңыз, суреттегі образ сізге үлгі болуы мүмкін. Свитер базалық үлгіде болса, яғни анау-мынау суреті жоқ немесе аз болса және аса кең емес немесе тырысып тұрмаса, ол кез келген шалбар мен белдемшемен үйлесіп кетеді.

Алайда түрлі-түсті шалбар, не белдемше кигіңіз келсе, оның түсі свитермен үйлесуі керек. Ал түрлі-түсті свитермен түсі бейтарап шалбар киген дұрыс, — дейді Мөлдір Алмасбек.

Мұндай образбен де кез келген аяқкиім, тіпті кеды, кроссовка киюге болады.

Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz

Қысқартылған пенжек, ұзындығы макси белдемше. Қазір ұзындығы макси кез келген белдемше трендке жатады. Джинс белдемше болса да, былғары белдемше болса да, бәрі макси ұзындықта болғаны жөн. Оның үстіне свитер, пенжек, майка, футболка, бәрін кие беруге болады.

Алайда макси ұзындықтағы белдемшемен суреттегідей қысқа киім киген дұрыс. Себебі мұндай белдемшемен ұзын свитер кисе, қыздың бойы қысқа болып көрініп қалады. Мұндай образға кез келген аяқкиім, тіпті ұзын етік те жарасып кетеді.

Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz

Пальто, свитер, шалбар. Ер адам пальто киген кезде, оның бейнесі кербез, жинақы болып көрінеді. Оған қоса пальтоның ішінен свитер, водолазка кигенде образ ашыла түседі.

Қазір пальтомен джинс, спорттық шалбар кие береді. Бірақ стильдің бәрін араластырмай, кәдімгі шалбар киген жөн.

Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz

Бұл — классикалық және кэжуал стилінің қосындысы. Пенжек, свитер және шалбар. Мұнда түстерді бір-бірімен үйлестіру маңызды екені көрініп-ақ тұр. Түстер бір-бірімен үйлесіп тұрса, образ жинақы әрі әдемі көрінеді.

Оған қоса бұл образбен футболка, свитер, лоңслив киюге болады. Ал пенжектің орнына пальто, тіпті тренч киюге әбден болады.

Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz

Былғары күрте (косуха) тек әйелдерге арналмаған. Ер адамдар мұны спорт, кэжуал стиліндегі киіммен кие алады. Мысалы, суреттегі образда жейде, шалбар және былғары күрте жақсы үйлесіп тұр.

Қазір, әсіресе күзде жейденің ішінен майка, футболка киюге болады. Оған қоса былғары күрте дөрекі (брутальный) стильді образға айналдырады. Кең күрте ер адамның дене бітімін үлкейтіп көрсетеді. Бұл образбен де кез келген аяқкиім үйлесіп кетеді.

Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz

Бұл образдың ерекшелігі — монохромды түсті киім, яғни бір түстің түрлі реңкінің үйлесімі. Мұндай күртелерді көбіне спорт стиліндегі киіммен киген жөн. Мысалы, худи, спорт шалбары, джинс, футболка және тағы басқасы.

Оған қоса осындай стильдегі киіммен кең күрте кию керек. Себебі күздік спорт киімдері қалың әрі үлкен. Оның сыртына тырыстырған күрте киген жараспай қалады. Мұндай образға тек кроссовка ұсынылады.

***

Тағы оқыңыз:

Әйелдердің трендтегі 5 шаш үлгісі