— Малика ханым, «Қазақстанның 100 жаңа есімі — 2021» жобасының жеңімпазы атаныпсыз. Құтты болсын! Алғаш бұл қуанышты жаңалықты қалай және кімнен естідіңіз?

— «Қазақстанның 100 жаңа есімі-2021» жобасының жарнамасын кездейсоқ көріп қалдым. Содан «Неге көрмеске? Қазақстан мәдениетіне қосқан үлесім бар ғой» дедім де, өтініш жібердім, бірақ кейін байқау есімнен шығып кетіпті.

Бұл жобаға  Ақтөбеден Димаш Құдайбергеннің ұстазы Марат Әйтімов және құрбым қатысты. Димаш сияқты әлем артисін тәрбиелеу де оңай жұмыс емес. Осы екі кісінің еңбегін бағалап, таныстарымнан дауыс беруін сұрап жүрдім. Сөйтсем, ол тізімнің ішінде өзімде бар екенмін.

Шыны керек, «Қазақстанның 100 жаңа есімі-2021» жобасының іріктеуінен өткенімде таңғалдым. Бір көргенімде қатысушылардың ішінде 50-орында болдым. Кейін адам саны қысқара бастады. Бір күні ұйымдастырушылар хабарласып, үздік 30 адамның қатарында екенімді айтты. Алғашында «біреу әзілдеп жатқан шығар» немеспе «алаяқтар шығар» деген ой келді. Кейін мән-жайды түсіндіріп, Нұр-Сұлтандағы марапаттау рәсіміне шақырды.

Кеште 100 жаңа есімге ілінген 7 адам өнерін көрсетті. Олар бір ай дайындалған екен. Сол кісілерді көріп, іштей «Мен мұнда не істеп жүрмін? Бәрі өнерлі, ерекше жандар екен. Мен лайық емеспін ғой» дедім. Марапаттаудан соң басқа жеңімпаздармен танысып, сөйлесіп отырсам, олар да мен сияқты ойлаған екен. Бәріміз бір-біріміздің еңбегімізді бағалағаппыз.

100 жаңа есім, Малика Дүйсенбаева, дизайнер-тігінші
Фото жеке архивінен

— Сізді осындай жетістікке жеткізген — тігін өнері. Алғаш ине-жіпті қолға қашан ұстадыңыз?

— Негізі қазақ халқының әйелдері қолөнерге жақын болып келеді. Ал біздің әулеттің әйелдер қауымы, әжелерім, анам тігін, қолөнермен кәсіби түрде айналысты. Тіпті, кезінде бүтін бір ауылдың киімін тігіп берген екен. Осы кісілердің тәрбиесінде болғандықтан кішкентайымнан ине-жіп ұстап өстім. Бала кезімде тігін тігуді жеке сала емес, тамақ ішу, сөйлеу, жүгіру сияқты әр адам білуі қажет дағды деп есептедім.

Анам басқа салада жұмыс істеді, бірақ 90-жылдары сән үйін ашып, тігінмен айналысуды жөн көрді. Сол кезде АҚШ, Еуропа диаспорасынан қазақ ұлттық киімдеріне тапсырыс түсті. Қазақы көйлектерді тікпес бұрын оның үлкен жауапкершілік екенін түсіндік. Анам екеуіміз қазақ ұлттық киімін, нақышын тағы терең зерттеп, білім көкжиегімізді кеңейттік. Себебі қазақ костюміндегі әрбір ілмек, ою, нақыштың астында бір философия ойы жатыр. Ал дизайнер-тігіншілер оны дұрыс жеткізе білуі керек.

Ол заманда ұлттық киімді киетін де, тігетін де адам аз еді. Тіпті Наурыз мерекесінде де бірен-сараң адам ғана қазақы көйлек киіп жүретін. Десе де анам тігін өнерін дөңгелетіп әкетті.

Тігін өнеріне икемім келсе де, болашағымды қолөнермен байланыстыруға асықпадым. Анама «Қолымды емес, миымды жұмыс істеткім келеді» деп, экономика саласын тәмамдадым. Ол бағыт бойынша Қазақстандағы ең ірі компанияның бірінде қызмет еттім, бірақ бір күні өзімді басқа жолда адасып жүргендей сезіндім. Түбі менің жұмысым — қаржы емес, тігіншілік екенін түсіндім.

2009-2010 жылы анам кәсібін тоқтатып, сән үйін жауып тастаған еді. Сарайда шаң басқан тігін машинасын алып, бір күнде сән үйін ашуға бел буып, анам екеуіміз қолымызға қайта ине алдық.

100 жаңа есім, Малика Дүйсенбаева, дизайнер-тігінші
Фото жеке архивінен,

— Жұмысыңыз «Қазақстанның жыл көйлегі-2016», «Әлем көйлегі-2017» номинацияларын жеңген екен. Көйлектеріңіз несімен ерекшелене алды?

— «Қазақстанның жыл көйлегі-2016» — шығармашылығымдағы ең алғашқы үлкен байқау. Оған қатысудағы басты мақсатым — көйлек тіге алатынымды, халыққа өз жұмысымды көрсету.

Дизайнерлер байқауға кез келген үлгідегі көйлегін қатыстыра алады. Мен өз бағытыма сәйкес, ұлттық киім алып шығамын деп шештім. Көйлек тігуді бастағанда басқа дизайнерлердің киімін, жұмысын қарамауға тырыстым. Себебі біреудің жұмысын көрсең, үлгісі, идеясының бір бөліктері жадыңда қалып қояды. Ал мен өзімнің қалауымдағы, ерекше көйлек тіккім келді.

Көйлек «Томирис» деп аталады. Ательемізге қарсы бетте былғары шапандарын арзанға сатып жатыр екен. Екеуін сатып алып, көйлекке қолдандық. Кимешегін замануи үлгіде тігіп, үстінен Тұмар патшайымдікі сияқты тәж жасадық.

Байқауға дейін жұмысымды ешкімге көрсетпей жүрдім. Тіпті, басқа қатысушылармен бірге фотосессияға да апармадым. «Томирис» көйлегі «Қазақстанның жыл көйлегі-2016» атанып, әлем жарысына жолдама алды. Сонымен бірге бір сән критигі «Көйлегіңіз бізге ұнады» деп, Мәскеудегі сән аптасына шақырды.

Кейін Сербияның Белград қаласында «Әлем көйлегі — 2017» жарысы өтті. Онда 85 елден дизайнерлер қатысты. Бірінші кезеңде эскиздерді бағалады. Екінші кезеңге 30-ға жуық ел өкілі өтті. Нәтижесінде «Томирис» және «Айша бибі» көйлегім «Әлем көйлегі-2017» атанды.

— Бүгінде адамдар қазақ ұлттық киімдерін қаншалық бағалайды?

— Бұрын адамдар қазақы костюмдердің мән-мағынасын аса түсіне бермейтін. Тіпті, кейбірі сәукелені «қалпақ» немесе «шапка» деп айтқанда ашуым келетін. Клиенттеріме әр киімнің, сәукеленің мән-мағынасын, оның қыз өміріндегі орнын ерінбей түсіндіретінмін. Қалыңдыққа көйлек тіккенде де өсіп-өркендеуді білдіретін ою-өрнекті қолдануға тырысамын. Яғни, болашақта көпбалалы ана, дана әйел болса деген ырыммен жасалады.

Қазақта аңыз бар. Кезінде ұрылар ханды ұрлап кеткен екен. Хан жол бойы текемет тігіпті. Тігіп болған соң жолда тастап кетіпті. Кейін оны өз адамдары іздегенде сол текеметті тауып алып, ондағы ою-өрнек арқылы қылмыскерлер ханды қайда алып кеткенін біліп, жол тапқан деседі. Тапсырыс берушілерге осындай тәрбиесі мол аңыз-әңгімелерді де айтып беремін.

Қазір, қуанышқа орай, адамдар ұлттық киімдерге қызыға бастады. Әр қыз ұзатуында қазақша көйлек, сәукеле киіп шығады. Қазақы нақыштың әр деталіне мән беруді үйреніп келеді.

— Замануи мен қазақы үлгіні қалай дұрыс ұштастыруға болады?

Киім үлгілерінің өзгеріске ұшырауы — қалыпты жағдай. Мұны түсінуіміз қажет. Жер бетіндегі алғашқы адамдар малдың терісін жамылып жүрген. Ол да киім болып есептелді. Сонымен бірге әр жердің география, ауа райы жағдайына қарай киім үлгісі өзгеріп отырған. Ұлтқа тән ерекшеліктерін сақтай отырып, қазақ киімін модернизациялауға болады. Бұл — жеке пікірім. Ол қандай ерекшеліктер? Бірінші — нақыштар. Әр оюдың айтары, жеткізер ойы болғандықтан бұл қазақы киімде міндетті түрде болуы керек. Екіншіден, қазақ әйелдері денесі жабылып тұратындай кең, ұзын көйлек киген. Осы ерекшелікті ұстана отырып, қазақ ұлттық киімдерін жаңа түрде тігуге, киюге болады.

— Қазір немен айналысып жүрсіз?

— Көбіне қазақ эстрада әншілеріне, тойда өнер көрсететін артистерге, қалыңдықтарға костюм тігемін. Пандемия кезінде жұмысым тоқтап қалды. Қатты қапаландым. Жұмысым ешкімге керек еместей сезіндім. Сөйтіп, сән үйімді жауып тастадым. Кейін «Қазақстанның 100 жаңа есімінің» бірі екенімді естігенде, қайта қолға алдым. Бұл жеңісті «белгі» деп білдім. Енді бұйырса тек Ақтөбе емес, Қызылордадан да студиямызды ашпақшымыз. Сонымен бірге шетелдегі түрлі сән аптасына қатысып жүрмін. Өзбекстан дизайнерлерімен байланыстамыз. Бұйырса, келешекте еуропалықтар біздің елдегі сән аптасына асыға келетіндей дәрежеге жеткіміз келеді.

100 жаңа есім, Малика Дүйсенбаева, дизайнер-тігінші
Фото жеке архивінен

— Іскер әйелдер кеңесінің мүшесі ретінде қазақ әйелдеріне, кәсіп бастаймын деушілерге қандай кеңес бересіз?

— Кәсіп бастаймын деуші әйелдерге арналған түрлі курс, марафон өткіземіз. Онда кәсіпті қалай бастау керек, өніміңді қалай өткізу керек екенін үйретеміз. Дегенмен, марафонның көп бөлігі бизнестен бұрын әйел адамның өзін-өзі бағалауды үйретуге кетеді. Сол себепті әрбір әйел ең әуелі өзін сүюді, сыйлауды үйренсе екен деймін. Өзін құрметтемеген адам басқадан ешқандай сүйіспеншілік ала алмайды. Сол үшін өзін жоғары бағалай білуі керек.

— Әңгімеңізге рақмет!