Республика сарайы маңына Шәмші Қалдаяқов мүсіні қойылды

Алматыда композитор, Қазақстанның халық артисі Шәмші Қалдаяқовқа арналған ескерткіш ашылды.

Ескерткіш Республика сарайының солтүстік жағындағы саябаққа қойылды. Салтанатты шараға Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев, композитордың әйелі Жәмила Қалдаяқова және Нұрғали Нүсіпжанов, Роза Рымбаева, Мұхтар Шаханов сияқты өнер мен әдебиет қайраткерлері қатысты.

Шәмші аға әндерінің арқасында жүрегімізде мәңгі жас болып қалды. Оның өзі де, әндері де ешқашан ұмытылмайды. Оның мүсіні еліміздің ең үлкен сахнасы — Республика сарайының жанына бекер қойылып отырған жоқ. Оның астарында терең мағына жатыр, — деді Бақытжан Сағынтаев.

Мүсін авторы Қанат Бегулиевтің айтуынша, ескерткіштің тұғыры гранитке қоладан құйылған. Мүсінді бес маман 2 ай бойы жасап шыққан.

Композицияда Шәмші ағаның көшедегі орындықта отырған сәті бейнеленген. Оның шығармашылық үстіндегі сәті. Адамдар жақындап келіп, фотоға түссін деп осылай орнаттық. Ескерткіш жасарда онымен араласқан адамдардан ақпарат жинадық. Шәмші ағаның баласымен тікелей жұмыс істедік, — Қанат Бегулиев.

«Қазақ вальсінің королі», көрнекті композитор, қазіргі заманғы қазақ эстрадасының негізін қалаушылардың бірі Шәмші Қалдаяқов 1930 жылы 15 тамызда қазіргі Түркістан облысы Шәуілдір ауылында туған. Кей мәлімет бойынша ол 300-ден астам ән жазған. 1956 жылы жазған «Менің Қазақстаным» әні 2006 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимніне айналды. Талант иесі 1992 жылы 29 ақпанда Алматыда қайтыс болды.

ДереккөзTengrinews.kz