Батысқазақстандық отбасы «Мерейлі отбасы» байқауында лауреат атанды

Астанада 2023 жылғы 8 қыркүйекте Отбасы күні қарсаңында «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы лауреаттарын Х мерейтойлық салтанатты марапаттау рәсімі өтті.  

ҚР мәдениет және ақпарат министрі, президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы Аида Балаева салтанатты шараның ашылу барысында байқау жеңімпаздарына мемлекет басшысының құттықтауын оқыды және биылғы «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының барлық лауреаттарына арнайы алғыс хат, статуэтка мен 1 миллион теңгенің сертификатын табыстады. 

Жыл сайын өткізу игі дәстүрге айналған үлгілі отбасылар байқауы – елімізде жанұя құндылықтарының рөлін арттырып, отбасы мен некенің оң имиджін дәріптейтін ауқымды да маңызды оқиғалардың бірі.

Отбасының әрбір мүшесі – ауылдастарының, қала тұрғындарының, әріптестерінің, көрші-қолаңның құрметіне бөленген, Отанына адал қызмет етіп жүрген еңбек адамы, ауылдың, қаланың қарапайым еңбеккерлері. 

Біз үшін қуаныштысы – осы байқауға қатысқандар арасында Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданы Сарықұдық ауылының тұрғындары Ниетқабыловтар отбасының болуы. Бұл отбасы нағыз еңбек адамдарынан тұрады. Отбасы мал шаруашылығымен айналысады, негізгі кәсібі — сүт өнімдері, оның ішінде құрт дайындау технологиясын жетік меңгерген. Күніне тапсырыс арқылы 300-400 құрт дайындайды және өнімді облыс орталығына, көршілес РФ ауылдарына тапсырыспен жіберіп отырады. Болашақта шаруашылықты кеңейтуді жоспарлап отырған жанұяда барлық балалары еңбекке шыңдалған. Оқушы балалары трактор тізгіндеп, сиыр сауу, шөп шабу, мал бағу, жылқы үйрету сияқты барлық іске ата-анасымен бірге араласып жатыр. Ынтымағы жарасқан қарапайым отбасы бала тәрбиесіне үлкен мән береді.

Биыл конкурсқа республика бойынша 3 344 отбасы қатысты. Олардың 40% қалалық және 60% ауылдық отбасылар. Түрлі кәсіп пен еңбек әулеттерінен құралған 20 отбасы – өңір жеңімпаздары атанды. Олардың қатарында ұстаздар, қолөнершілер, металлургтер, әскери қызметшілер, кәсіпкерлер, агроөнеркәсіп саласының мамандары бар.