Батыс Қазақстан облысындағы Шыңғырлау ауданында қандай мәселелер бар?

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев жұмыс сапарымен Шыңғырлау ауданына барып, бірқатар нысанның құрылысымен танысты және егінжайда болды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

2022 жылы Шыңғырлау ауданында қар қарқынды еріп, Сегізсай ауылының кіреберіс жолының бірнеше жерінен тасыған су асып кеткен еді. Соның салдарынан бірнеше жерде шұңқырлар пайда болды.

Облыс басшысы жыл басында аудандық маңызы бар жолды қалпына келтіру бойынша тапсырма берген еді. Соған сай, бес шақырым автокөлік жолын жөндеуге жауапты мердігер «Айдана» компаниясы құрылыс жұмысын қазан айында аяқтауды жоспарлап отыр.

Нариман Төреғалиев күрделі және орташа жөнделіп жатқан Шыңғырлау-Ақшат-Сегізсай қара жолын барып көрді. Жолдың 12,6-17, 17-32 шақырымдарын биылғы жылы «Айдана», 32-47 шақырымын «Райс KZ», 73-88 шақырымын «Ануш құрылыс» компаниялары жөндеп бітіруі тиіс.

Өкінішке қарай, осылардың ішінен мердігер «Ануш құрылыс» мекемесінің қарқыны төмен. Өңір басшысы құзырлы органдар мен аудан әкіміне мердігерді бақылауға алып, жұмыстарды жандандыру бойынша тапсырма берді.

Айта кету керек, «Ануш құрылыс» компаниясы Шыңғырлау ауылындағы 16,8 шақырым ішкі жолдарды да биыл жөндеп бітіруі керек.

Шыңғырлау ауданына сапары барысында облыс әкімі Қарағаш ауылын таза ауыз су беру мәселесімен де танысты. Мердігер мекеме «Engineering and construction group» ескі су құбырын қайта жаңартып жатыр. Бүгінгі күнге жасалатын жұмыстың тең жартысы аяқталған. Қазіргі таңда су мұнарасына тапсырыс беріліп, дайын тұр. Жұмыстарды осы жылы қараша айында толық бітіруі керек.

Бұған қоса әкім Қотантал елді мекеніне қарасты «Erqanat Group» серіктестігінде болды. 2021 жылы құрылған серіктестік мал және егін шаруашылығын қолға алған. Болашақта мал басын асылдандырып, игерілмей жатқан жерлерді пайдаға асыруды көздеп отыр. Шаруашылық басшысы техникаларын жаңартуға мән беріп отыр. Олар жұмысшыларына арнап асхана мен жатақхана салған.

Ауданда егін шарушылығымен айналысып отырған шаруа қожалықтары жетерлік. «Жарас» қожалығы өз кәсібін өрге домалатып отыр. Қожалық басшысы бірқатар адамға жұмыс беріп, өз жұмысшыларына барлық қолайлы жағдай жасаған. Бүгінде қожалық күздік егіс алқаптарын жинауды бастап кетті. Биылғы жылы 2500 гектардан астам жерге күздік, жаздық бидай, арпа, тары, мақсары мен көпжылдық шөптерді еккен. Нариман Төреғалиұлы ел игілігі үшін қызмет қылып, жергілікті өнім өндіру ісіне сеп болып отырған шаруаларға қашана қолдау бар екендігін қадап айтты.

Фото: БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі

Өңір басшысы сапар соңында Шыңғырлау ауылындағы үш қабатты көппәтерлі тұрғын үй құрылысын тексерді. Халықтың баспанаға деген сұранысын қанағаттандыру мақсатында салынған үйде біраз ақау бар. Мердігер тарапынан уақытылы жұмыс атқарылмай келеді. Аудан әкімі мен мердігерге көрсетілген кемшіліктерді жойып, көппәтерлі тұрғын үйді мерзімнен кешіктірмей пайдалануға беру тапсырылды.