Соңғы күндері қазақстандық ақпарат құралдары вице-премьер Бақытжан Сағынтаев пен қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың жаңа әлемдік экономикалық дағдарыс басталып, мұнай бағасы тоқтаусыз арзандаған тұста Қазақстан ұлттық қорының «өміршеңдігі» жайлы айтқан мәлімдемелерін келтіріп жатыр.
АҚШ-тың Wall Street Journal газетіне «ұлттық қор ондағы ақша мемлекеттік бағдарламаларға жұмсалып жатқандықтан және мұнай бағасының арзандауына байланысты «жұқарып» барады, инвестициялау саясаты өзгермесе, қордағы ақша жеті жылға ғана жетеді» деген комментарийінен соң экономист Берік Өтемұраттың «Қазақстан ұлттық банкі инвестициялық корпорациясы» басшысы қызметінен босатылғаны жайлы хабар тараған тұста үкімет мүшелері оптимистік сарындағы мәлімдемелер жариялады.
Топ-бизнесмен Тимур Құлыбаев бұл мәселеге қатысты бұдан да қатқыл пікір білдірген.
Zakon.kz сайтының хабарлауынша, 14 қаңтарда «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басшысы Тимур Құлыбаев Алматы кәсіпкерлері палатасының дирекциясы мен аймақтық кеңес мүшелерімен кездесуінде «Ұлттық валюта бағамын жасанды жолмен ұстап тұру үшін ұлттық қор қаражатын жұмсауға болмайды. Егер жағдай осы қалпынан өзгермесе, ел өз резервтерінен үш жылда айырылып қалуы мүмкін» деп мәлімдеген.
Кейбір жергілікті сарапшылар Азаттық қозғаған тақырыпқа қатысты өз пікірлерін айтты.
Мағбат Спанов, экономист.
“Бұл пікірлер негізсіз, қордағы ақша түгесіліп қалмас үшін мемлекет жұмыс істеуі тиіс. Әлдебір дүниелерді қолдауға жұмсалса, қор көлемі сәл ауытқуы мүмкін, бірақ 5-6 жылдан кейін таусылып қалады деу – байбалам салып, қоғамды шайқалту. Ондайлар «міне, жағдайымыз мүшкіл, күніміз қорға қарап қалды» деп жұртты дүрліктіргісі келеді. Ал іс жүзінде олай емес. Биыл қорға шамамен 10 миллиард доллар бөлінді. Келер жылы тағы 10 миллиард қосылуы мүмкін. Сонда шамаласаңыз, алты жылда қорда 60 миллиард жиналады екен. Сауд Арабиясы мен Норвегияның қорын да осылай санауға болады. Қазір теңге бағамы еркіне жіберілді, ұлттық банк көп араласпайтын болды. Бұрын әлдебір сомамен «кіретін», қазір бағамды реттеу саясатына көп араласпайды. Мұның бәрі үлкен саясаттағы үлкен ойындар болған соң әлгіндей әңгімелер шығады”, – дейді Мағбат Спанов.
Экономист Петр Своик.
“Уақытын жорамалдау маңызды емес. Принциптік өзгерістер маңызды. Ұлттық қор сыртқы төлем балансынан артылып қалған долларды жинау үшін құрылған, ал енді оны мүлде жаңа форматқа – жұмсау форматына ауыстырып жіберді. Оны бір форматтан екінші форматқа ресми түрде – 2014 жылдың қарашасында «Нұрлы жол» бағдарламасын жариялаған кезде ауыстырған”, – дейді Петр Своик.
Экономистік ойынша, мәселе қордың қашан таусылатынында емес.
“Бұл Қазақстан тарихында ел экономикасына ұлттық қордағы валюта қорын жұмсауға арналған бірінші бағдарлама. Мәселе қордың қашан таусылатынында емес, ол маңызды емес. Ол мүлде өзге режимге көшірілді, бірақ үкіметтің саясаты өзгеріссіз қалды. Артық валютаны іркіп қалудың жөні бір бөлек те, оның әкеле білу бөлек нәрсе. Үкіметтің бағамға қатысты және инвестициялық жаңа саясаты осы жаңа модельге сай болуы тиіс, ал ол өзгерген жоқ”, – деп жалғастырды маман.
Қазақстан Ұлттық банкінің бұрынғы төрағасы Ораз Жандосов.
“Мұндай әңгімелерді әлдебір алғышарттарға сүйеніп немесе қандай саясат болатынына қарай айту керек. Ұлттық қор – ұлттық банктің алтын-валюта қорының бір бөлігі емес, ол – қаржы министрлігінің қазыналық қоры. Қор қаржысы бюджет тапшылығын жабуға жұмсалады. Тіпті нақтырақ айтқанда, тапшылықты емес, мұнайдан түсетін салық пен республикалық бюджеттен жұмсалатын шығынның арасындағы айырманы жабуға жұмсалады. Ал шығын теңгемен болса, ұлттық қор ұлттық банкке валюта сатып, валюта нарығына қосымша доллар түседі”, – дейді Жандосов.
Ораз Жандосов ұлттық қордың тағдыры бюджеттік саясатқа тәуелді екенін алға тартты.
“Қысқасы, ұлттық қордың тағдыры бюджеттік саясатқа тәуелді. Ал тұтастай алғанда, үкіметтің экономикалық саясатына тәуелді. Ұлттық банк теңге бағамын ұстап тұру үшін алтын-валюта қорын жұмсады. Енді, яғни айырбас бағамының жаңа саясатын жариялап, ұлттық банк басшылығы ауысқаннан кейін мұны тоқтататын шығар деп үміттенемін”, – деп ойын түйді ол.