Оралда «Тіл – тұтастық туы» тілдер фестивалі өтті

Оралдағы «Атамекен» өнер ордасында Қазақстан халқының тілдері күніне орай «Тіл – тұтастық туы» атты облыстық тілдер фестивалі өтті.

Шараға арнайы қатысқан облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов өңірде мемлекеттік  тілдің қолдану аясы жыл сайын кеңейіп келе жатқанын айрықша атап өтті. 

Біздің облыста 700 мыңға жуық  адамды тұрады. Оның 22 пайызын өзге ұлт өкілдері құрайды. Жыл сайын қазақ тілін білуге талпыныс білдірген өзге этнос өкілдерінің саны артып келеді. Облыс әкімдігінің тапсырмасымен жылма жыл мемлекеттік тіл  үйренгісі келетіндер  тегін оқытылуда. Ең басты жетістігіміз — халықтың ынтымақ, келісім аясында бейбіт өмір сүруі. Облыста этностардың тілдік құқықтарын қамтамасыз ететін үйлесімді тіл саясаты жүргізілуде. Бүгінде балабақшада бүлдіршіндеріміздің 80 пайызы мемлекеттік тілде тәрбиеленуде. Өңірдегі мектеп оқушыларының 70 пайыздан астамы қазақ тілінде  білім алуда. Мұның бәрі  қазақ тілін қолдану аясының жылдан жылға кеңейіп келе жатқанының айқын көрінісі. Мемлекеттік тіл – біздің басты құндылығымыз. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын таба бермек,  – деді Бақытжан Нарымбетов.  

Салтанатты шарада мемлекеттік тілді дамыту мен танымал етуге елеулі үлес қосқан, қоғам өмірінің әр саласында қазақ тілінің кең қолданылуына бағытталған мәдени-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыруға атсалысып жүрген тіл жанашырлары ҚР  Ғылым және жоғары білім министрлігінің  алғыс хатымен марапатталды. Олардың қатарында    Казталов ауданы әкімінің орынбасары Зәйлім Мажитова, Оралдағы «Ақберен» жас ақындар мектебінің жетекшісі, ақын, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің ғалым-әдіскері Талап Қуаныш, Теректі аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Лунара Сердалиева және басқалар бар.

Сондай-ақ фестивальде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, қазақ тілінің этносаралық қарым-қатынас тілі ретіндегі рөлін күшейту мақсатында «Мен қазақша сөйлеймін» облыстық акциясының  жеңімпаздарына да  сый-құрмет көрсетілді. Аталмыш акцияда І орынға Жаһанша Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінің 3-курс студенті Анастасия Карамышева ие болды. 

Фестиваль қатысушылары мен қонақтары «Достығы шалқыған шаңырақ» атты жергілікті этномәдени бірлестіктердің  көрмесін де тамашалады.