Президент жаңа министр Ерлан Нысанбаевты қабылдады

Қасым-Жомарт Тоқаев экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевты қабылдады. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Кездесуде Қ.Тоқаев жаңа экологиялық заңнаманы жүзеге асыруға және табиғи ресурстарды сақтауға қатысты бірқатар тапсырма берді.

Президент ірі кәсіпорындардың шығарындыларын азайту жөніндегі жоспардың іске асырылуын, сонымен қатар осы нысандардағы шығарындыларға мониториң жасау үшін автоматтандырылған жүйе енгізу ісін ерекше бақылауға алуды тапсырды.

Мемлекет басшысы министрлікке қарасты ведомстволық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жақсарту және ұлттық парктердегі орман өртінің ошақтарын ерте анықтау жүйелерін тезірек енгізу, сонымен қатар орман шаруашылығы қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жөнінде жүйелі шаралар қабылдау қажет екенін айтып өтті.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев ағаш отырғызуға қатысты ауқымды бағдарламаны жүзеге асыру және ретсіз пайда болған қоқыс полигондары мәселесін шешудің кешенді тәсілдерін әзірлеу маңызды екеніне назар аударды.