Түркістан облысы, Жетісай ауданында жеке инвестор есебінен заманауи медициналық орталық салынады. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды бүгін инвесторлармен кездесіп, жаңа жобаны жүзеге асыру жолдарын талқылады.
«Al-Razi Medikal» ЖШС-ң өкілдері 3 гектар жерге емхана мен көпбейінді реабилитациялық орталық салуды көздеп отыр. Жоба құны – 7 миллиард теңге.
800 келушіге арналған емханада диагностикалық орталық орналасады. Екіқабатты ғимараттың жалпы аумағы — 5 мың шаршы метр. Ал, 96 төсек-орынға лайықталған көпбейінді реабилитациялық орталықта физиотерапия, онкология, кардиология, инсульт орталығы, жарақат бөлімшелері ашылады. 200 жұмыс орны ашылады. Оның 50-і бейінді дәрігерлер.
— Денсаулық сақтау саласына инвестиция тарту мәселесі ұдайы назарда. Әсіресе оңтүстік аумақтарда жаңа медициналық орталықтар салуға күш салынған. Бүгінгі күнде халықтың өмір сүру ұзақтығының артуына байланысты, сонымен қатар медициналық технологиялардың жетілуіне қатысты халықтың сұранысы да артты. Өйткені заманауи техникалар мен озық әрі сапалы медициналық аппараттар көбейген сайын халықтың да сенімі нығайды. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдауында медицина саласын назардан тыс қалдырған емес. Қазіргі денсаулық сақтау саласы қымбатқа түсетін стационарлық емге емес, негізінен аурудың алдын алуға бағытталған. Бұл тұста жаңа медициналық орталық тұрғындарымыздың денсаулығын нығайтуға үлкен үлесін қоспақ,-деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.
Медициналық орталық екі жылдың ішінде салынады. Клиника замануи үлгідегі медициналық жабдықтармен толық қамтамасыз етіледі. Осылайша мемлекеттік емханалардың жүктемесі едәуір азаймақ.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Сарыағашта республикалық бюджет есебінен перинаталды орталығы бар көпсалалы медициналық кешен салынады. 10 гектар жерде бой көтеретін кешенде перзентхана, көпсалалы аурухана, емхана және әкімшілік ғимарат орналасады. Көпсалалы кешен ашу Келес, Жетісай, Мақтаарал және Шардара аудандарының халқына білікті медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.