Мазмұнға өту
Басты бет / Жаңалықтар /

Оралда жаңа автобустар желіге шықты

Фото: БҚО әкімдігі
Таяуда Оралдағы «Оралавтотранс» жолаушы тасымалдаушы кәсіпорнының автобус паркі жаңа 9 автобуспен толықты. Оның алтауы — «Yutong» маркалы үлкен класты автобустар. Сонымен қатар кәсіпорын «Вектор Next» маркалы үш автобус сатып алған. Автокөліктер 5, 12, 43 қоғамдық көлік бағыттары бойынша желіге қосылды.

Кәсіпорын иелігіндегі техникалардың құрамын жыл сайын жаңартып отырамыз. Ескі техникаларымызды кезең-кезеңімен жаңа автобустарға алмастырудамыз. Жуырда «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы 9 жаңа автобус сатып алдық. Бұл жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастырамыз, — дейді «Оралавтотранс» ЖШС директоры Қайрат Исқақов.

Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов жүргізушілерге автобустардың кілтін табыстап, жаңа қоғамдық көліктердің халық игілігіне қызмет етуіне тілектестігін білдірді.

Жолаушыларға лайықталған автобустарда жүру бағытын білуге арналған GPS құрылғысы орнатылған. Көлік салоны кондиционермен, арнайы қажеттілігі бар жандардың арбасына арналған пандус, электронды табло және бейнекамералармен жабдықталған.

Жыл сайын қалалық жолаушы тасымалдаушы кәсіпорындар автобус парктерін жаңартуда. Бұл тасымалдаушылардың шығындарын субсидиялау арқылы жүзеге асып отыр. Өткен жылы осы бағытта қалалық кәсіпорындарға 3,9 млрд теңге көлемінде субсидия берілсе, биыл 5,2 млрд теңге қарастырылған.