Оқу жылы басталды. Бұл уақыт — 1-курс студенттері үшін ерекше кезең. Себебі олар мектепті тәмамдап, студент атанып отыр. Кейбірі басқа қалаға, соның ішінде еліміздің мегаполисі — Алматыға оқуға түсті. Сондай арман қуып келген студенттің бірі — Мөлдір. Baribar.kz тілшілері ASUS Vivobook S 15 OLED-пен (K5504) бірге Мөлдір Алматыда барғысы келген бірнеше жерді аралап, оның кішкентай арманын орындап қайтты.
Мөлдірдің ASUS Vivobook S 15 OLED-пен таныстығы
17 жастағы Мөлдір Түктібай — Жетісу облысы, Ескелді ауданындағы Қарабұлақ ауылының тумасы. Биыл мектеп бітіріп, Алматыдағы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға түсті. Өзі осы оқу орнына түссем, осы мамандықты оқысам деп армандапты.
Меніңше, Астана — жұмыстың, мансаптың, ал Алматы — жастардың қаласы. Бұл қалада мәдениет те, журналистика да дамыған, жақсы орта табамын деп ойлаймын. Ал ҚазҰУ-ды журналистиканың қара шаңырағы болған соң таңдадым. Оған қоса бұрыннан істеп келе жатқан профессорлар бар. Сол кісілерден дәріс алғым келді, — дейді Мөлдір.
Мөлдір тек оқу деп жүре бермей, студент шағын қызық өткізгісі келеді. Алматының көрікті жерлерін араласам дейді. Біз де мүмкіндікті жібермей, онымен бірге қаланы бір шарлап қайттық. Ең әуелі студенттер қалашығы «Казгуградтан» бастадық. Мөлдір университеттің ауласында қыдырып жүріп, бірнеше күн қолданып көрген ASUS Vivobook S 15 OLED (K5504) ноутбугы туралы пікір айтты.
Мөлдір қолданған ASUS Vivobook S 15 OLED (K5504) — жұмыс пен оқуға арналған құрылғы. Процессоры — Intel Core i9 H-сериясының 13-буыны. Дисплейі — 15,6 дюйм. Жиілігі — 120 Гц.
Биыл Кемел Тоқаевтың туғанына 100 жыл толыпты. Атаулы датаға орай байқау өтеді. Соған группаласым екеуіміз қатысамыз. Бірақ мектепті бітірейін деп жатқанда өз ноутбугымды бұзып алған едім, содан лаптопсыз жүргем. Ал байқауға дерек жинау үшін ноутбук қажет. Дәл сол кезде ASUS Vivobook S 15 OLED-ті қолданып көруге бергендеріңіз жақсы болды, — дейді студент.
Мөлдірдің айтуынша, оның назары ең әуелі ноутбуктың қарапайым, бірақ сәнді дизайнына ауған.
Қазіргі жастар талғампазбыз. Киіміміз, қолға ұстаған әр затымыз әдемі болса дейміз. ASUS Vivobook S 15 OLED ноутбугы қарапайым екенімен қызықтырды. Артық ештеңесі жоқ. Оған қоса Esc батырмасын сарғыш-қызыл, Enter батырмасын, корпусын ерекше етіп жасаған. Мұнысы дұрыс деп ойлаймын, себебі бұл батырмалар — жиі қолданылатындар. Оның ерекше әрі көзге бірден түсетіндей болғаны ұнады, — дейді Мөлдір.
Кейін ол ноутбуктың шағын әрі жұқа екенін байқаған. Оның айтуынша, ноутбукты шағын етіп жасау — компанияның ең ұтымды шешімі. Расында да ASUS Vivobook S 15 OLED-тің қалыңдығы — 17,9 милимметр ғана.
Жатақханада тұрамын, бір бөлмеде екі қыз жатамыз. Бөлмеміз тар. Бір ғана үстеліміз бар. Сол жерде сабақ та оқимыз, кешкі асымызды да ішеміз. Осындай тар бөлмеде ноутбуктың көп орын алмағаны маңызды. ASUS Vivobook S 15 OLED сондай екен. Тамақ ішкенде сөреге қойсаң, сыйып кетеді. Оған қоса қорабын тастамай, тірегіш етуге болады екен, — дейді ол.
Құрылғы жеп-жеңіл. Салмағы — небәрі 1,7 келі. Университеттің ауласында тізеге қойып, сабақ оқысаң да, қалада жүргенде сөмкеңе салып жүрсең де ыңғайлы. Бір сөзбен айтқанда, үнемі қозғалыста жүретін студент үшін таптырмас құрылғы.
ASUS Vivobook S 15 OLED және кітапхана
Студенттің ең көп уақыт өткізетін жерінің бірі — кітапхана. Бүгін де Мөлдір ноутбукты арқалап, кітапханаға барды. Ал ол жерде тыныштық бұзуға болмайды. Тіпті оқып жатқан адамдарға кедергі келтіру мәдениетсіздік саналады. Мұндай жерге ASUS Vivobook S 15 OLED-ті қолданған тиімді. Себебі оның желдеткішінің де, батырмаларының да дыбысы қатты естілмейді.
Бұрын студенттің, журналистің сенімді серігі қалам болса, қазір оның орнын ноутбук алмастырды. Енді мұндай құрылғы Мөлдірге де қажет. Оған қоса Мөлдір 1-курс студенті екеніне қарамастан, журналистік қызметін бастап кеткен. Мектеп кезінен бері балалар мен жасөспірімдердің республикалық «Ұлан» газетіне мақалап жазып жүр екен. Болашақта да талай мақала, сюжет және бағдарламаның сценариін жазады деген сөз. Оған қоса сабағы да бар. Сол себепті ол батырмасы басқанда жеңіл, саусаққа жағымды ноутбук алғаны дұрыс.
Батырмасы да, тачпады да ыңғайлы болды. Әрі батырмасы жанып тұрады екен. Оның өзі әсем бейне, атмосфера сыйлайды. Жанып тұрған пернетақта барлық назарды өзіне ғана аударып, ешқайда алаңдамай жұмыс істеуге, сабақ оқуға мүмкіндік береді, — дейді студент.
ASUS Vivobook S 15 OLED және эстетика
Университеттен шығып, Әбілхан Қастеев атындағы музейге бардық. Мөлдір әлеуметтік желіден бұл музей туралы түрлі контент көрген соң, осы жердегі картиналарды тамашалығысы келген. Өзі шығармашыл адам болғандықтан әдемі нәрсені жақсы көреді. Ол жерді бір сағаттай араладық. Қастеевтің және басқа да авторлардың туындыларымен таныстық. Мөлдір сонша уақыт бойы ноутбукты сөмкесінде арқалап жүрді.
Ауыр емес, қайда жүрсең де, бірге алып жүруге болады. Бір жаққа бармас бұрын оны жатақханаға тастап кетуді ойлап тұрмайсың. Ноутбуктың сырт көрінісі «минимализм» болған соң, музейдің атмосферасына да үйлесе кетті. Сырт кейпіңді бұзбайды, — дейді Мөлдір.
Айтпақшы, ASUS дәл осы ноутбукты A BATHING APE деген көше киімінің брендімен бірлесіп жасады. Осылайша, олар көше сәнін, эстетикасын әдеттегіден де жоғары бағалау керек екенін көрсеткісі келген.
Студенттің, әсіресе қыз баланың сөмкесінде не жүрмейді десеңізші?! Дәптер, қалам, косметика, телефонды қуаттығыш және тағысын тағы. Енді, міне, ноутбукты да алып жүруге болады. Көп заттың жанында тұрған бұл құрал лас болып қалады деп уайымдаудың қажеті жоқ. Себебі ASUS компаниясы ноутбуктың корпусын саусақ ізі қалмайтындай және антибактериал етіп жасаған. Ол тәулігіне зиян микроағзалардың 99%-ін жойып отырады.
Музейді аралап біткенше қарнымыз ашты. Осы тұста Мөлдірдің барғысы келген мейрамханасына жол тарттық. Тапсырысымыз келгенше ASUS Vivobook S 15 OLED (K5504) ноутбугы туралы қайта сөз өрбіттік. Мөлдірге ноутбуктың камерасының сапасы ұнаған екен. Шынымен-ақ, ASUS компаниясы бұл құрылғы иесі онлайн сабаққа, курсқа, жиналысқа емін-еркін қатыса алуы үшін камерасына аса назар аударған. Камера видеоны 1080 сапада көрсетеді.
Оған қоса қауіпсіздік шаралары да қарастырылған. Камераны жабуға арналған жапқышы бар. Құрылғы иесі видео арқылы байланысқа шыққанда оның артқы жағы бұлыңғыр болып тұрады. Уеб-камера Windows Hello функциясы бойынша істейді. Шуды азайту жүйесі бар.
Тапсырыс келді. Мөлдір өзінің тары қосылған кофесін ішті. Ал ASUS Vivobook S 15 OLED оның эстетикасын көркейте түсті. Бұл құрылғы осы қырымен айрықша. Шұғыл қажет болса, қолданасың. Қажеті болмаса, әдемі декорация болып тұра қалады. Тіпті сөмкеңізден көп орын алмай, жата береді.
Мөлдірдің көзілдірік тағатынын байқадық. Көру қабілеті -5 екен. Бұл дегеніміз — оған анық көрсететін, көзге ауыр салмақ түсірмейтін ноутбук қажет деген сөз. Біз ASUS Vivobook S 15 OLED ноутбугын ұсынар едік. Өйткені компания бұл құрылғыдан зиян көк түс 70%-ке аз шығатындай етіп жасаған.
Ноутбуктың түс гаммасының да деңгейі жоғары. Видеодағы, фотодағы бейнелер тура өмірдегідей көрінеді. Мөлдір сияқты шығармашыл мамандықта оқитын не істейтіндер осы ноутбукпен мультимедия контентін алаңсыз жасай алады.
Шолуымызды қорыта келе, ASUS Vivobook S 15 OLED (K5504) ноутбугының мынадай артықшылықтарын атап айтп өтейік:
- жұқа, жеңіл әрі шағын;
- камерасының сапасы жақсы;
- камерасының арнайы жапқышы бар;
- дизайны әдемі;
- экранының көзге зияны аз;
- алып жүруге ыңғайлы.