Басты бетЖаңалықтарАлматыда BAIQONYR...

Алматыда BAIQONYR кинофестивалі өтеді

6-10 қыркүйек аралығы Алматыда VIII халықаралық BAIQONYR кинофестивалі өтеді. Іс-шараның басты миссиясы — талантты жас кинематографистерді қолдау.

Әр жылы Қазақстаннан және Тбилиси, Якутия, Ташкент, Лиссабон сияқты дүниежүзінің түкпір-түкпірінен жалпы 85 кинематографист BAIQONYR-дың лауреаттары атанды. Биыл өткен Қазақстан киносыншылары қауымдастығының ұлттық сыйлығының жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде BAIQONYR-дың президенті Әнуар Кенжебаев «Фестиваль қозғалысына қосқан үлесі үшін» арнайы сыйлығының иегері болды. Бұл — фестиваль беделінің өсуінің жарқын көрсеткіші. Фестивальдің тағы бір ерекшелігі сол, осы жылдар ішінде кинофестиваль мемлекеттің қаржылай қолдауысыз ұйымдастырылып келеді.

6 қыркүйек фестиваль Дархан Төлегеновтың «Ағайындылар» деген фильмімен ашылады. Бұл — шығармашылық жолын «Байқоңырдан» бастаған режиссердың толықметражды дебюті. Картина шетел фестивальдарында бірнеше марапатқа ие болды. Оның ішіндегі ең маңыздысы – Германиядағы беделді Oldenburg International Film Festival қазылар алқасының арнайы жүлдесі. Туынды биыл күзде прокатқа шығады.

Бізде Дархан Төлегеновтың «Ағайындылар» фильмінен басқа Михаил Кулунаковтың «Соқпақ» фильмінің конкурстан тыс көрсетілімі болады. Екі режиссер да кезінде біздің қысқаметражды фильмдер байқауына қатысқан. Енді бізге толықметражды дебюттерімен қайта оралып отыр. Меніңше, бұл — өте жақсы белгі, — дейді Baiqonyr кинофестивалінің бағдарламалық директоры Ержан Жұмабеков.

Сонымен бірге биыл BAIQONYR аясында жеке анимация кинофестивалі – ALMATY ANIMATION FESTIVAL өтеді.

«АРМАН» киноорталығында өтетін конкурстық бағдарламаның кестесі мынадай:

  • BAIQONYR фестивалі, оның ішінде халықаралық көркем және деректі қысқаметражды фильмдер байқауы (6 елден 18 фильм) және ұлттық көркем және деректі қысқаметражды фильмдер байқауы (20 фильм);
  • ALMATY ANIMATION FESTIVAL фестивалі, оның ішінде негізгі байқау (21 фильм, 4 ел, оған қоса Ресей, Франция және Канада бірлесіп шығарған фильм) және халықаралық студенттік анимациялық фильмдер байқауы (23 туынды).

Конкурстан тыс бағдарлама дда қызық болады. Кинофестиваль аясында ТМД елдерінің кинотанушылары мен сыншыларының II форумы өтеді, Оған әртүрлі елден келген 20-дан астам маман қатысады. Форумда  мамандар дәрістер оқиды, өзекті мәселелерді талқылайды.

Конкурстан тыс бағдарламаның маңызды оқиғасы 8 қыркүйекте өтетін Корей анимациялық кино күні болмақ. Ол корей-қазақ анимациясының үлкен арнайы жобасы аясында өткізіледі. Пучхондағы Халықаралық анимация фестивалі (BIAF) — фестивальдің серіктесі.

Іс-шараға Оңтүстік Кореядан анимациялық режиссерлер Ли Сон Ган мен Им Черин қатысады. Олар өз жұмысын ұсынып, көрерменнің сұрақтарына жауап береді. Сонымен қатар Черин дәріс оқиды, ал Ли Сон Ган қазақстандық жас авторларға шеберлік сабағын өтеді.

Кинорежиссерлармен бірге K-pop музыкасының жұлдызы Пэк А Ён келеді, ол фильмдердің бірінде басты кейіпкерді дыбыстаған. K-pop жанрының жанкүйерлерін үлкен тосын сый күтіп тұр – олар Пэк А Ённің екі әнін жанды дауыста тыңдай алады.

Фестиваль дәстүрлі түрде ТМД мемлекеттерінің Мемлекетаралық гуманитарлық ынтымақтастық қорының қолдауымен өткізіледі.