1 қыркүйекте 382 мыңға жуық бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды және оның 70%-ке жуығы мемлекеттік тілде оқиды.
Бұл туралы оқу-ағарту министрлігі хабарлады.
Бірінші класқа баратын оқушылардың ең көп саны Алматы қаласында, Түркістан және Алматы облыстарында тіркелген.
Жаңа оқу жылында 11-класта оқитындардың саны да рекордтық көрсеткішке жетті — 188 900 оқушы. Жалпы, 2023-2024 оқу жылында мектептерде 3,9 миллионға жуық қазақстандық білім алады, — дейді министрлік.
55 мың бала оқу жылын жаңа мектептерде оқиды. Биыл жыл соңына дейін жаңа 132 мың орындық білім беру ұйымдары пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Қазақстанда жалпы 7,7 мың орта білім беру ұйымы бар.