Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов Түркістан облысында Сырдария өзеніне адамдардың батып кету оқиғасы бойынша тергеу амалдары жүріп жатқанын айтты.
Қазір іздеу жалғасып жатыр. Сонымен қатар тергеу органдары бұл оқиғаның себебін анықтауға кірісті. Қайғылы оқиға болған жерде суға шомылу үшін тиісті жағдай жасалмаған. Ол жерге төрт отбасы демалуға барған. Лауазымды адамдардың жауапкершілігі тексеруден кейін анықталады, — деді Сырым Шәріпханов.
Қайғылы жағдай 21 тамызда кешкі сағат 18.00-дің кезінде Отырар ауданындағы Сырдария өзенінен өтетін көпір маңында болған. Шомылуға барған 20 адамның 11-і суға батып кеткен. Оның бесеуі балалар болса, алтауы – ересектер. Барлығы Сырдария өзеніндегі автокөлік көпірінің маңында тыйым салынған жерде шомылған.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, қайғылы жағдай болған жерде судың ағысы қатты. Ал жағада саз бен балшық көп. Қайтыс болған адамдар суға түсіп те үлгермеген. Біреуі тайып суға құлаған, оны басқалар құтқарамын дегенде бірінен соң бірі батып кеткен.
Еске салайық, қайғылы жағдай Отырар ауданындағы Сырдария өзенінен өтетін көпір маңында болды. Суға кеткендердің барлығы төрт ағайындының отбасы мүшелері, олар тыйым салынған жерге шомылуға барған.