Кореяда депортациядан қашқан екі қазақстандық отанына оралады. Бұл туралы сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты.
Сот шешімі жарияланғаннан кейін олар айыппұл төледі. Жақын арада билет сатып алып, отанына оралады. Қазақстандықтардың адвокаттары мен консул мәселені шешуге барынша күш салды және осы жағдайға адамгершілікпен қарағаны үшін корей тарапына ризашылықтарын білдірді. Олар жазаланды. Менің ойымша, жастар бәрін түсінді. Бұл жағдай басқа азаматтарға да сабақ болды. Себебі Оңтүстік Кореяға барғысы келген қарапайым туристер мен студенттерге кесірі тиді, — деді Айбек Смадияров бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен өткен брифиңде.
Еске салайық, 28 наурызда 21 және 18 жастағы екі қазақстандық Оңтүстік Кореяға Өзбекстаннан ұшып барған, бірақ құжаттардағы қателікке байланысты оларға елге кіруге рұқсат етілмей, депортация залына жіберілген.
Онда олар әуежайдың ұшу-қону жолағының жанындағы қоршаудан өтіп, қаша бастаған. Олардың біреуін жергілікті полиция ұстады. Оңтүстік Кореяда екіншісін ұстағаны үшін 30 миллион вон (10 миллион теңгеден астам) сыйақы ұсынылды. Оларға түрмеде отыру қаупі төнді.