БҚО-да «Мектепке жол» акциясы басталады

Батыс Қазақстан облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен кезекті брифингке облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Луара Батырғалиева қатысып, алда келе жатқан республикалық «Мектепке жол» акциясының өңірде қолға алынуы турасында баяндап берді.

Оның айтуынша, 2023 жылы «Мектепке жол» республикалық акциясы балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету мақсатында «Жақсылықты жаса»  ұранымен өткізіледі.  Акция 2023 жылдың 1 тамызынан бастап 30 қыркүйегі аралығында жүргізіледі.

Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында 2019 жылдан бастап жыл сайынғы «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы жыл бойы өтетін форматқа ауыстырылды.

Акцияның мақсаты — аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан оқушыларға, жетім балаларға, сондай-ақ ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға оқу жылының басталуына дайындық кезінде материалдық қолдау көрсету және әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке келмеуінің алдын алу.

«Атамекен» қоғамдық қорының қолдауымен «www.atamekenim.kz» порталында көмекке мұқтаж ата-аналар өз өтінімдерін қалдыра алатын «Мектепке жол» платформасы 2020 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Өз кезегінде демеушілер мен меценаттар ақшалай қаражатты онлайн-аудара отырып осы портал арқылы көмек көрсету бойынша өз ниеттерін жүзеге асыра алады.

Былтырғы жылы акция аясында көмекті қажет ететін отбасыларды қолдау мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы №64 қаулысы негізінде жалпы білім беру қорынан 8323 балаға көмек көрсетілді.

Аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушыларға материалдық көмек көрсету үшін барлығы 307,0 млн.теңге қарастырылды. Жаңа оқу жылының басында аз қамтылған отбасылардан шыққан 2338 оқушыға мектеп формасы мен керек-жарақтары түрінде жалпы сомасы 57,2 млн. теңгеге материалдық көмек көрсетілді.7388 оқушыға жалпы сомасы 220,0 млн. теңгеге ата-аналардың карт-шоттарына аудару арқылы 37389 теңге көлемінде ақшалай көмек көрсетілді. Облыс бойынша 10813 оқушыға, оның ішінде бюджет қаражаты есебінен 4419 балаға және демеушілік көмек есебінен 6394 балаға көмек көрсетілді. Биылғы жылы облыс бойынша жалпыға бірдей білім беру қорынан оқушыларға (кеңсе тауарлары, мектеп формасы, спорттық киім, аяқ киім және т.б. сатып алуға) 372,6 млн.теңге қаражат қарастырылған, — деді Л.Батырғалиева.

Ата-аналар тарапынан Atamekenim.kz порталының «Мектепке жол» батырмасына өз өтініштерін беру жалғасуда, облыс көлемінде көмекке мұқтаждарға материалдық көмек беру шаралары жыл бойына жалғасатын болады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да